Accessibility links

Мьянма: парламент сайлауына елдің 80 пайызы қатысқан


«Демократия үшін ұлттық лига» жақтастары оппозиция лидері Аун Сан Су Чжи (сол жақта) мен оның әкесі генерал Аун Санның суретін ұстап тұр. Мьянма, 4 қараша 2015 жыл.
«Демократия үшін ұлттық лига» жақтастары оппозиция лидері Аун Сан Су Чжи (сол жақта) мен оның әкесі генерал Аун Санның суретін ұстап тұр. Мьянма, 4 қараша 2015 жыл.

Мьянмада бүгін соңғы 25 жылда алғаш рет өткізілген баламалы парламент сайлауына елдегі дауыс беру құқығына ие азаматтардың 80 пайызға жуығы қатысқан.

Сайлау қортындысы бойынша парламенттегі көпшілік орынды Нобельдің бейбітшілік сыйлығының иегері, құқыққорғаушы Аун Сан Су Чжи жетекшілік ететін «Демократия үшін ұлттық лига» алуы мүмкін деген болжамдар айтылып отыр. Мьянманың екі палатадан тұратын парламентіндегі 664 орынның ширек бөлігі әскерилерге тиесілі болғандықтан көпшілік дауысқа ие болуы үшін партия депутаттық мандат санының үштен екісін алуы қажет.

55 миллион тұрғыны бар Мьянмада 30 миллионға жуық адам дауыс беру құқығына ие. Бірақ елде діни азшылықты құрайтын жүздеген мың мұсылман дауыс беру құқығынан айырылғандықтан сайлауға қатыса алмайды.

Бұған дейін, 1990 жылы Мьянмада өткен парламент сайлауында құқыққорғаушы Аун Сан Су Чжи басқаратын «Демократия үшін ұлттық лига» жеңіске жеткенімен әскерилер сайлау күшін жойып, елде диктатура енгізген. Содан бастап 15 жыл бойы үйқамақта отырған Аун Сан Су Чжиге кейін Нобельдің бейбітшілік сыйлығы берілген. 2010 жылы Мьянмада басталған демократиялық өзгерістер нәтижесінде Аун Сан Су Чжи үйқамақтан босатылған. 2012 жылы оның партиясы парламентке аралық сайлауда жеңіске жеткен.

XS
SM
MD
LG