Accessibility links

Ахметов сотында тергеу кемшілігі жайлы айтылды


Серік Ахметовтің ісі бойынша сотталушы Камилла Пралиева сотта сөйлеп тұр. Қарағанды, 9 қараша 2015 жыл.
Серік Ахметовтің ісі бойынша сотталушы Камилла Пралиева сотта сөйлеп тұр. Қарағанды, 9 қараша 2015 жыл.

Экс-премьер Серік Ахметовтің ісі бойынша сотталушы - испаниялық "Руфепа Техно АГРО" компаниясының Орталық Азия елдеріндегі сатып алу ісі бойынша директоры Камилла Пралиева бүгін сотта тергеу материалдарында бірқатар кемшілік барын мәлімдеді. Қарағандыда өтіп жатқан сотта Пралиева сотқа дейінгі тергеуде жауап беру кезінде өзінің бала туғаннан кейінгі депрессияда болғанын, өзін омыраудағы баласымен бірге Испаниядан Қарағандыға әкеліп, үйқамаққа отырғызғанын айтты. Оның сөзінше, ол тергеуде қандай жауап беріп, қандай құжатқа қол қоятынын аңғара алмаған.

Пралиеваның сотта айтуынша, соңғы жылдары ол Испанияда жұмыс істеп, сол жақта тұрған. Қазақстанға жылыжай кешені жабдықтарының көрмесіне келген кезінде "Топарские теплицы" компаниясына арналған коммерциялық ұсыныс дайындауға тапсырыс алған. Ол өзі дайындаған жобаның құнын 12 миллион АҚШ долларына бағалағанын, бірақ "Топарские теплицы" компаниясының директоры Александр Забиров "жоғары шенді шенеуніктерге сыйақы төлеу қажет" деп өзінен жоба құнын "үш миллион долларға ұлғайтуды сұрағанын" айтты. Пралиеваның сөзінше, жоба құнын ұлғайтқанымен, ақшаны жұмсауға қатысы болмаған.

Ахметов пен Қарағандыдағы бұрынғы жоғары шенді 21 шенеуніктің ісі бойынша сотта Қарағанды облысындағы "Топарские теплицы" компаниясына қатысты соңғы, жетінші эпизод бойынша айыптау ісі қаралып жатыр. Тергеу мәліметі бойынша, Ахметовтің адамдары жылыжай кешенімен байланысты бірнеше компания арқылы мемлекет қаржысын жымқырған. Бұл іс бойынша сот биыл тамызда басталған.

XS
SM
MD
LG