Accessibility links

Азаттық видеосы негізінде түсірілген фильм халықаралық жүлде алды


Режиссер Данияр Саламат.
Режиссер Данияр Саламат.

Қазақстандық режиссер Данияр Саламаттың "Сағынтайдың бірінші әйелі" атты авторлық көркем фильмі Германияның Коттбус қаласында өткен Шығыс Еуропа фильмдері кинофестивалінің арнайы жүлдесіне ие болды.

Данияр Саламаттың Азаттыққа айтуынша, фестиваль 3-8 қараша күндері өткен. 2015 жылы түсірілген 70 минуттық фильм фестивальдің мәдениетаралық байланыстарға арналған "Диалог" секциясының жүлдесін иеленген.

- Фильм желісі Азаттықта жарияланған Қызылордадағы 9 балалы әйелдің үйі жылусыз қалып, кейін әкімдік салып берген пештен балаларына ыс тиіп ауруханадан шыққаны туралы видеохабардан алынған. Онда көп балалы ана мемлекет берген алтын алқасын мұқтаждықтан ломбардқа өткізбек болғанда оның жарамай шыққанын (алтын емес болғанын - ред.) айтады. Осы жайттарды фильмде арқау еттім. Фильмде Сағынтай есімді жігіттің әйелін қыз туа берген соң тастап кетіп, содан арғы әйел мен балаларының тағдыры баяндалады - деді Данияр Саламат.

Фестивальдің ресми сайтында хабарланғандай, жүлде иесіне 3 мың еуро көлемінде ақшалай сыйлық тағайындалған.

Фильм бұған дейін Алматыда 19-25 қыркүйек аралығында өткен 12-халықаралық "Еуразия" кинофестивалінде "ең үздік әйел рөлі" үшін сыйлық алған.

XS
SM
MD
LG