Accessibility links

Ауғанстанда содырлар 7 адамды өлім жазасына кескен


Ауғанстанның Забуль уәлаяты. (Көрнекі сурет).
Ауғанстанның Забуль уәлаяты. (Көрнекі сурет).

Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елдің оңтүстік-шығысындағы Забуль уәлаятында жеті адамды өлім жазасына кесуді айыптады. Президент кеңсесі Пәкістанмен шекараға жақын Аргандаб ауданында төрт ер адам, екі әйел мен бір баланың өлі денелерінің табылғанына «қатты қайғыратынын» білдірді.

Марқұмдардың барлығын 6 қарашада өлтіріп кеткен. Көз жұмғандардың бәрі – шиит хазар азшылығының өкілдері.

Забуль уәлаятының губернаторы бұл қылмысқа жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік тобына жапты. Ол марқұмдарды көршілес Ғази уәлаятында ұрлап әкеткенін айтады.

Забуль уәлаятында соңғы күндері талибтердің өз арасында қақтығыстар болып, кемінде 50 адам қаза тапқан.

Ауған билігі жыл басынан бері ИМ-ге жақтас жүз шақты адамның Забульге көшкенін хабарлаған. Ал Associated Press және France Press агенттіктерінің хабарлауынша, талибтер Ауғанстанның шығысындағы Нангархар уәлаятын әлі бақылауында ұстап тұр.

XS
SM
MD
LG