Accessibility links

ХҚС: Еуромайданда адамзатқа қарсы қылмыс жасалмаған


Украина полициясы шерушілер жолын жауып тұр. Киев, ақпан, 2015 жыл.
Украина полициясы шерушілер жолын жауып тұр. Киев, ақпан, 2015 жыл.

Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) алдын ала деректері бойынша, 2014 жылы Киевтегі «Еуромайдан» деп аталған наразылық акциялары кезінде Украина қауіпсіздік қызметі «шектен тыс және бей-берекет күш қолданған». ХҚС Украина арнайы қызметі акция кезінде адамзатқа қарсы қылмыс жасаған жоқ деп тапқан. ХҚС бас прокуроры Фату Бенсуда 12 қарашада жариялаған есебінде Еуромайдан кезіндегі оқиғаларға жасаған тергеу барысы жайлы хабардар етті.

Украинада бірнеше айға созылған жаппай толқулар 2013 жылдың қарашасында Киевтің орталық алаңында басталған. Толқулар президент Виктор Януковичтің биліктен кетуіне және көпшілігі демонстрант жүзге тарта адамның қазасына әкеп соқтырған. Бенсуданың мәлімдеуінше, қазір сол кездегі қылмыстарды «адамзатқа қарсы қылмыс деп тануға дәлел жоқ». Дегенмен ол ХҚС Еуромайданда адам құқығының өрескел түрде бұзылғаны анықталғанын айтты. Прокурордың мәліметінше, полиция «бейбіт тұрғындарға шабуыл жасағанымен», әзірге оның «кең таралғаны немесе үнемі жасалғанына» жеткілікті айғақ жоқ.

ХҚС Ресей аннексиялап алған Қырым және украин әскері мен ресейшіл сепаратистер арасындағы соғыстан 8 мыңға тарта адам қаза тапқан Донбастағы оқиғаларды тексеріп жатыр. Украина билігі елде 2013 жылдың қарашасынан бері болған оқиғаларды халықаралық соттың тергеуіне келіскен.

XS
SM
MD
LG