Accessibility links

"Жас Алаш" сотында жарыссөз жалғасты


"Жас Алаш" басылымының үстінен өтіп жатқан сот процесі. Алматы, 10 қараша 2015 жыл.
"Жас Алаш" басылымының үстінен өтіп жатқан сот процесі. Алматы, 10 қараша 2015 жыл.

Алматының Алмалы аудандық сотында бүгін "Жас Алаш" газетінің үстінен жүріп жатқан соттың жарыссөзі жалғасты.

Сот "Жас-Ай" тибет-шығыс медицинасы орталығының жетекшісі Жасан Зекейұлының шағымы бойынша өтіп жатыр. Шағымданушы соттан газеттің шығуын алты айға тоқтатуды, басылым мен тағы үш адамға жиыны 400 миллион теңге (1 миллион 500 мың долларға жуық - ред.) өтемақы төлетуді сұрайды. Жасан Зекейұлы газеттің жазбаша түрде кешірім сұрауын да талап еткен.

Қарашаның 10-ы күні басталған соттың жарыссөз кезеңінде газеттің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай Жасан Зекейұлын басылым беделіне зиян келтіріп, шындыққа сай келмейтін жала жапты деп айыптап, қарсы шағым берген. Сәрсенбайдың айтуынша, Жасан Зекейұлы әлеуметтік желідегі парақшасында "жеке журналистердің ғана емес, тұтастай редакция ұжымының, «Жас Алаш» газетінің халық алдындағы беделіне зиян келтіретін, шындыққа сәйкес келмейтін жала жариялап, көпшілікке таратқан". Сәрсенбай соттан Жасан Зекейұлынан өзіне, екі орынбасары мен тілшісіне 100 миллион теңгеден - барлығы 400 миллион теңге моральдық шығын өндіртуді сұраған деді.

Бұл сот қазанның 12-сі күні басталған.

XS
SM
MD
LG