Accessibility links

Францияда төтенше жағдай жарияланды


Террорлық шабуыл болған жерлердің бірі. Париж, 13 қараша 2015 жыл.
Террорлық шабуыл болған жерлердің бірі. Париж, 13 қараша 2015 жыл.

Франция астанасында ұйымдастырылған террорлық шабуылдар салдарынан, ресми мәліметтер бойынша, шамамен 120 адам қаза тауып, екі жүзден аса адам жараланған. Француз баспасөз құралдары құрбандар саны артқанын хабарлап отыр.

Президент Франсуа Олланд сенбіге қараған түні үкіметтің шұғыл жиынын өткізді. Мемлекеттік шекара жабылып, бүкіл ел аумағында төтенше жағдай жарияланды. Мектептерде сабақ тоқтатылып, Париж тұрғындарына үйден шықпауға кеңес берілді.

Жұманың кешінде Париждегі «Батаклан» өнер орталығында, 11-округтегі «Шағын Камбоджа» мейрамханасында, оған қарсы орналасқан «Ле Карийон» барында, Шарон мен Фэдэрб көшелері қиылысындағы кафеде және «Ле Аль» сауда орталығында адамдарға шабуылдар жасалған. Ал Франция мен Германияның футболдан ұлттық құрамалары жолдастық кездесу өткізіп жатқан Stade de France стадионы маңында үш жарылыс болған. Матчты тамашалауға келген Франция президенті Франсуа Олланд пен екі елдің сыртқы істер министрлері дереу қауіпсіз жерге әкетілген.

Америкалық топтың рок-концерті өтіп жатқан «Батаклан» орталығында кемінде бірнеше жүз адам кепілген алынған. Куәгерлердің әлеуметтік желілердегі хабарларына қарағанда, кейін олардың бір бөлігін терроршылар атып өлтірген. «Батакланда» қаза болғандар саны кемінде 70 адам деп хабарланды. Терроршылар басып алған ғимаратты түн ортасына қарай полицияның арнайы бөлімшесі босатқан.

Париждегі қайғылы оқиғалардар кейін бірнеше сағаттан соң АҚШ президенті Барак Обама мен Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон террорлық шабуылдарды айыптап телеарна арқылы үндеу жасады. Екі елдің басшылары көп адамы қастандық құрбаны болған Францияға көңіл айтып, терроршыларға қарсы күресте жәрдем көрсетуге дайын екендерін мәлімдеді.

Сонымен бірге әлемнің өзге елдерінің жетекшілері де Францияға қолдау білдірді.

XS
SM
MD
LG