Accessibility links

Франция терактілерден соң төтенше шаралар қабылдады


«Батаклан» концерт орталығында мерт болған адамның денесін алып келе жатқандар. Париж, 14 қараша 2015 жыл.
«Батаклан» концерт орталығында мерт болған адамның денесін алып келе жатқандар. Париж, 14 қараша 2015 жыл.

Франциядағы террорлық шабуылдардан, ресми дерек бойынша, 128 адам қаза тауып, екі жүзден аса адам жараланған. «Ислам мемлекеті» тобы терактілерге жауапкершілікті мойнына алды.

Франция билік орындарының сенбі күнгі деректері бойынша, Парижде жасалған террорлық шабуылдардан 128 адам қаза тауып, 250 адам жараланған. 99 адамның халі аса ауыр деп хабарланды.

14 қарашада «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы Париждегі шабуылдарды өз мойнына алатыны туралы интернетте мәлімдеме таратты. Онда жұма күні кешкісін Париждің әр тұсындағы террорлық шабуылдарды ИМ-нің сегіз адамы жасағаны айтылған. ИМ бұл шабуылдар – «Мұхаммед пайғамбарды қорлағаны және ИМ территориясына әуе соққыларын жасағаны үшін кек алу» деп мәлімдеген.

Париж көшелерін үкімет күштері бақылауға алған.

Президент Франсуа Олланд сенбіге қараған түні үкіметтің шұғыл жиынын өткізді. Түн ортасында Франция халқына телеарна арқылы жасаған үндеуінде президент елде төтенше жағдай енгізіліп, Парижде «террорлық шабуылдардың жалғасуына жол бермеу үшін» полиция күштерімен бірге әскер де көшеге шығарылатынын мәлімдеді.

Шабуылға ұшыраған «Батаклан» орталығына барғанда Олланд терроршыларға қарсы «аяусыз күрес жүргізілетінін» айтқан.

Мемлекеттік шекара жабылып, бүкіл Франция аумағында төтенше жағдай жарияланды. Мектептерде сабақ тоқтатылып, Париж тұрғындарына үйден шықпауға кеңес берілді.

ЖҰМАДАҒЫ ШАБУЫЛДАР

Қарашаның 13-і күні кешке Париждегі «Батаклан» өнер орталығында, 11-округтегі «Шағын Камбоджа» мейрамханасында, оған қарсы орналасқан «Ле Карийон» барында, Шарон мен Фэдэрб көшелері қиылысындағы кафеде және «Ле Аль» сауда орталығында адамдарға шабуылдар жасалған.

Ал Франция мен Германияның футболдан ұлттық құрамалары жолдастық кездесу өткізіп жатқан Stade de France стадионы маңында үш жарылыс болған. Матчты тамашалауға келген Франция президенті Франсуа Олланд пен екі елдің сыртқы істер министрлері дереу қауіпсіз жерге әкетілген.

Футбол матчы кезіндегі жарылыстар туралы видео:

Париждегі жарылыстар
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:35 0:00

Америкалық топтың рок-концерті өтіп жатқан «Батаклан» орталығында бірнеше жүз адам кепілге алынған. Куәгерлердің айтуына қарағанда, кейін олардың бір бөлігін атып өлтірген терроршылар «Аллаһ әкбар!» деп айғайлаған. «Батакланда» қаза болғандар саны кемінде 70 адам деп хабарланды. Терроршылар басып алған ғимаратты түн ортасына қарай полицияның арнайы бөлімшесі шабуылмен босатқан.

«Батаклан» өнер орталығына шабуылдан зардап шеккен адам мен полиция қызметкері. Париж, Франция, 14 қараша 2015 жыл.
«Батаклан» өнер орталығына шабуылдан зардап шеккен адам мен полиция қызметкері. Париж, Франция, 14 қараша 2015 жыл.

Agence France-Presse (AFP) ақпарат агенттігі Париждегі шабуылдарды тергеу тобындағы дереккөздеріне сілтеме жасап, теракті жасауға қатысқандардан сегіз адамның өлгені туралы хабарлады.

Агенттіктің хабарлауынша, олардың төртеуі «Батаклан» концерт орталығында қаза тапқан, үшеуі денесіне байлаған жарылғыш заттарды жарып мерт болған, біреуі полициямен атыста оққа ұшқан.

Террорлық шабуылдарға байланысты тергеу жүргізіп жатқан арнайы қызмет өкілдері қылмысқа қатысқандардың кейбіреуі жасырынып үлгерген болуы мүмкін екенін айтады. Қазір олармен бірге сыбайластарын да іздестіріп жатқаны туралы хабарланды.

Парижде атыс болған маңнан түсірілген видео:

Франция астанасындағы терактілер
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:42 0:00

ӘЛЕМ ЕЛДЕРІ ФРАНЦИЯҒА ҚОЛДАУ БІЛДІРДІ

Париждегі қайғылы оқиғалардан кейін бірнеше сағаттан соң АҚШ президенті Барак Обама мен Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон террорлық шабуылдарды айыптап телеарна арқылы үндеу жасады. Екі елдің басшылары көп адамы қастандық құрбаны болған Францияға көңіл айтып, терроршыларға қарсы күресте жәрдем көрсетуге дайын екендерін мәлімдеді.

Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер Францияда бейкүнә көп адамның өмірін қиған терактілерден «қатты есеңгіреп» қалғанын мәлімдеді.

Париждегі терактілерге байланысты Франция халқына көңіл айтқан Украина президенті Петр Порошенко француз елшілігі алдында тізе бүгіп, құрбандар рухына тағзым етті. Киев, 14 қараша 2015 жыл.
Париждегі терактілерге байланысты Франция халқына көңіл айтқан Украина президенті Петр Порошенко француз елшілігі алдында тізе бүгіп, құрбандар рухына тағзым етті. Киев, 14 қараша 2015 жыл.

Германия канцлері Ангела Меркель сенбі күні телеарнадан жасаған үндеуінде өз елі террорға қарсы бірлескен күреске үлес қосатынын мәлімдеген. Иран президенті Хассан Роухани Париждегі террорлық шабуылдарды қатаң айыптап, оны «адамзатқа қарсы қылмыс» деп атады. Ол Еуропаға жоспарланған сапарын кейінге қалдырды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Франция президенті Франсуа Олланд пен бүкіл Франция халқына Париждегі терактілерге байланысты көңіл айтып жеделхат жолдады. Онда «Қазақстан әлем елдері үшін ортақ қауіп-қатерге айналып отырған лаңкестік пен экстремизмнің кез-келген түрін айыптайтыны» айтылған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі Парижде болған терактілерді қатаң айыптап мәлімдеме таратты.

«Қазақстан БҰҰ аясындағы барша халықаралық қауымдастықтың терроризм мен экстремизмге қарсы күреске күш-жігерін қолдайтынын мәлімдейді және барлық адамзаттың күшін біріктіре отырып қана бұл зұлымдықты жеңуге болатынына сенеді. Осы мақсатқа қол жеткізудің бірден бір жолы – БҰҰ шеңберінде ғаламдық лаңкестікке қарсы желі құру деп санаймыз» делінген мәлімдемеде.

СІМ ресми өкілі Алтай Абибуллаев Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Парижде құрбан болғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ» деп хабарлады.

Сенбі күні Алматы мен Астанадағы Францияның дипломатиялық өкілдеріктеріне ондаған адам келіп, Франция халқына қайғысына ортақтасып көңіл айтты.

Алматыдағы Франция консулдығына гүл қою туралы видео:

Франция консулдығына гүл қою
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:15 0:00

Ресей президенті Владимир Путин Париждегі қанды қырғынға байланысты франциялық әріптесі Франсуа Олландқа көңіл айтып жеделхат жіберген. Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев Францияның үкімет жетекшісі Мануэль Вальске көңіл айту жеделхатын жолдаған. Ресейде Мәскеу, Санкт-Петербург, Екатеринбург және басқа қалаларда жұртшылық өкілдері Франциядағы қайғылы оқиғалар құрбандарын еске алды.

XS
SM
MD
LG