Accessibility links

Пентагон "жиһадшы Джонның" өлгенін растады


«Жиһадшы Джон» деген лақап атпен белгілі ИМ содыры Мұхамед Эмвази.

«Жиһадшы Джон» деген лақап атпен белгілі ИМ содыры Мұхамед Эмвази.

АҚШ қорғаныс министрлігі – Пентагон Сирияның Ракка қаласында бейсенбі күні АҚШ пилотсыз ұшағының соққысынан «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымының жендеті, «жиһадшы Джон» деген лақап атпен белгілі Мұхамед Эмвази есімді британдық содырдың өлтірілгені туралы ақпаратты растады.

ИМ тобына қарсы әскери әуе операцияларын жүргізіп жатқан АҚШ бастаған коалиция күштерінің өкілі америкалық полковник Стивен Уоррен әуе соққысының нысанасына Эмвазидің нақ өзі ілінгені туралы мәлімдеген.

«Әуеден соққы беріп өлтірілген адам біз нысанаға алған «жиһадшы Джон» екеніне еш күмәніміз жоқ» деген Уоррен.

«Жиһадшы Джон» шектен шыққан қатыгездігімен танылған. ИМ таратқан видеоларда оның америкалық журналистер мен британдық қайырымдылық ұйымдарының қызметкерлерін жантүршігерлік әдіспен өз қолымен өлтіргені көрсетілген.

Бұған дейін Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон британ арнайы қызметі «жабайы кісі өлтірушіні» іздестіріп жатқанын хабарлаған.

«Эмвази тек Сирияның бейбіт халқына ғана емес, сонымен бірге күллі әлем және Біріккен корольдік тұрғындарына да үнемі айтарлықтай қауіп-қатер төндіреді. Ол сонымен бірге өте көп мұсылманды өлтірген» деп мәлімдеген Кэмерон.

Лондонда бұрын программист болған Эмвази Кувейтте Ирактан көшіп барған отбасында туған. Оның ата-анасы Ұлыбританияға 1993 жылы қоныс аударған.

XS
SM
MD
LG