Accessibility links

Астана Париждегі терактілерді айыптады


Қазақстан сыртқы істер министрлігі ғимараты.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі ғимараты.

Қазақстан Франция астанасы Парижде болған терактілерді айыптап, лаңкестіктің кез-келген көрінісіне жол берілмеуі тиіс деп санайды. Бұл туралы бүгін Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) мәлімдеме таратты.

Мәлімдемеде ресми Астана кінәсіз адамдардың қаза болуына байланысты француз халқына, қаза тапқандардың отбасы мен жақындарына кайғырып көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек жазылып кетуіне тілектес екенін білдірген.

«Қазақстан БҰҰ аясындағы барлық халықаралық қауымдастықтың терроризм мен экстремизмге қарсы күреске күш-жігерін қолдайтынын мәлімдейді және барлық адамзаттың күшін біріктіре отырып қана бұл зұлымдықты жеңуге болатынына сенеді. Осы мақсатқа қол жеткізудің бірден бір жолы – БҰҰ шеңберінде ғаламдық лаңкестікке қарсы желі құру деп санаймыз» делінген сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Қазақстан СІМ ресми өкілі Алтай Абибуллаев Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасында Парижде құрбан болғандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ деп хабарлады.

СІМ жедел хабарлар үшін арнайы телефон нөмірі іске қосылғанын хабарлады: +77172720111. Париждегі Қазақстан елшілігінде де арнайы нөмір жұмыс істейді: +33 1 45 61 52 00.

Бұған қоса министрлік Париждегі барлық Қазақстан азаматтарына «адам көп жиналатын жерден аулақ болуға» кеңес береді.

Жұма күні Парижде бірнеше жерде жасалған террорлық шабуылдардан, ресми ақпарат бойынша, шамамен 120 адам қаза тауып, екі жүзден аса адам жараланған. Француз баспасөз құралдары қаза тапқандар саны 150 адамнан асқан деп хабарлады.

Террорлық шабуылдарға байланысты Францияда төтенше жағдай жарияланып, мемлекеттік шекара жабылды. Франция тергеу орындары бұл қылмысқа қатысы барларды анықтап жатыр.

XS
SM
MD
LG