Accessibility links

Парижде құрбан болғандар саны 129 адамға жетті


Париждегі терактілер құрбандарын аза тұту белгісі ретінде Эйфель мұнарасының жарығы сөнді. 14 қараша 2015 жыл.

Париждегі терактілер құрбандарын аза тұту белгісі ретінде Эйфель мұнарасының жарығы сөнді. 14 қараша 2015 жыл.

Парижде жұма күні жасалған террорлық шабуылдар салдарынан қаза тапқандар саны 129 адамға жетті деп хабарлады AFP агенттігі.

Алайда, мерт болғандар арасында аты-жөні әлі анықталмағандар бар болғандықтан билік құрбандар саны тағы артуы мүмкін деп санайды. Терактілер кезінде жараланған 300-ден астам адамның жүзге жуығының халі ауыр деп хабарланды.

Француз полициясы Париждегі шабуылдарға күдікті екі адамның бұған дейін Грекияда сириялық босқындар ретінде тіркелгенін анықтаған. Оларға іздеу жарияланды.

Прокуратура мәліметі бойынша, шабуыл жасаған жеті адам түгел өлген: алтауы өз-өзін жарып жіберсе, біреуі полицияның оғына ұшқан. Бұған дейін тараған ақпараттарда терактілерді сегіз адам жасаған деп хабарланған еді.

Мамандар шабуыл кезінде содырлар үйлесімді іс-қимылымен ерекшеленгенін атап көрсетеді. Олар 40 минуттың ішінде алты шабуыл жасаған.

Франция президенті Франсуа Олланд жұмада болған шабуылдарды «Францияға қарсы соғыс» деп атап, оған «аяусыз» жауап қайтарылатындығын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, террорлық шабуылдарды сырт жақтан «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы Францияның ішіндегі содырлары арқылы ұйымдастырған.

Президент ел аумағында төтенше жағдай енгізді. Францияда үш күндік ұлттық аза тұту жарияланды.

XS
SM
MD
LG