Accessibility links

Назарбаев Франция елшілігіне барып көңіл айтты


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы Францияның елшілігіне барып, көңіл айту кітабына Париж қаласындағы терактілерге қатысты жазба қалдырды. Бұл туралы бүгін Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Парижде қарашаның 13-і күні кешке бірнеше жарылыс пен шабуыл болып, 132 адам қаза тапты. Шабуылдардан 350-ге тарта адам жараланды. Террорлық шабуылдарға жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" ұйымы мойнына алып, мәлімдеме жасады.

Назарбав елшілікке Қазақстан халқы атынан көңіл айту үшін, әсіресе Қазақстан мен Франция арасындағы жоғары деңгейдегі қарым-қатынасты ескеріп барғанын айтқан. Ол Париждегі "адамшылыққа жатпайтын террорлық шабуылдардан көптеген кінәсіз бейбіт адамдар қаза тапқанын" жеткізген.

- Бұл қаралы күндері біз Франция халқымен біргеміз. Бұл ел әлемдік мәдениет пен тарих ошақтарының бірі саналады. Сондықтан мұндай жағдай барлығымызға ауыр тиеді. Бұл біздің қарсылығымыз бен жиренішімізді туғызып қана қоймайды. Ол адамзатты мұндай әрекеттермен бірігіп күресуге шақырады. Терроризмде ұлт пен дін жоқ. Бұл барлығына ортақ қасірет, - деген Назарбаев.

Назарбаев Париж қаласында болған террорлық шабуылдарға байланысты бұған дейін Франция президенті Франсуа Олландқа көңіл айтып жеделхат жолдаған. Жеделхатта Парижде жасалған жантүршігерлік террорлық әрекеттер салдарынан көп адамның қаза болғаны туралы суыт хабарды Нұрсұлтан Назарбаевтың зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған.

XS
SM
MD
LG