Accessibility links

"Атамекен": Теңгенің құнсыздануы мәселені шешпеді


Көрнекі сурет.

Көрнекі сурет.

Бүгін "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев "Теңгенің құнсыздануы қазақстандық өндірушілердің проблемаларын түгел шешпеді" деп мәлімдеді. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, бұл туралы ол Астанада брифингте айтқан.

"Біз әуелде теңге бағамын өзгертумен ғана отандық өнім өндірушілердің барлық проблемасы шешілмейтінін айттық, теңге бағамын Ресей рублі бағамымен тең ұстап тұратын іс-шаралар жасалуы тиіс" деген Әлтаев.

Оның пікірінше, теңге бағамының еркін айналымға жіберілуі қазақстандық өндірушілер үшін "бірлі-жарым нәтиже бергенімен", импорттық тауарды пайдаланатын кәсіпорындардың проблемаларын шеше алмаған.

Қазақстан ұлттық валютасы – теңгенің еркін айырбас бағамына 20 тамыз күні өткен. Билік сол кезде елдің қаржылық жүйесіне тұрақсыздық қаупі төнген жағдайда ұлттық банктің ішкі қаржы нарығына валюталық интервенция жасау тәсілімен қатысуы мүмкін екенін ескертіп, жаңа ақша-несие саясатының инфляциялық таргеттеуге негізделгенін мәлімдеген. Тамыз айынан бері теңге 63 пайызға құнсызданған.

Ал ұлттық банк басшысы болып 2 қараша күні Қайрат Келімбетовтің орнына тағайындалған Данияр Ақышев «ұлттық қор мен ұлттық банктің валюталық активтерін сақтау үшін» ұлттық банктің елдің валюта нарығына қатысуын азайтатынын мәлімдеген болатын. Бүгін теңгенің долларға шаққандағы құны 308 теңгеден асты.

XS
SM
MD
LG