Accessibility links

Назарбаев: Теңгеге шикізат бағасы ықпал етеді


Данияр Ақышев, ұлттық банк төрағасы.
Данияр Ақышев, ұлттық банк төрағасы.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевпен кездесіп, теңгеге деген сенімді қайта қалпына келтіру және долларсыздандыру саясатын жалғастыру қажетін тағы да айтты. Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Назарбаев теңгенің айырбас бағамының құбылуынан "төтенше ешнәрсе көрмейді".

- Теңге бағамы еркін айналымда тұрған кезде тұрғындарға төтенше ешнәрсе болып жатпағанын түсіндіру қажет. Теңгеге шикізат бағасының арзандауы ықпал етіп отыр. Бұл - қалыпты процесс. Бұған қоса инфляция деңгейін, әлеуметтік маңызы бар тауарлармен қамтамасыз етуді, бақылап, халықтың әлеуметтік жағдайы нашар тобына әлеуметтік көмек беруді қарастыру керек. Облыс әкімдері бұл мәселелерді бақылап отыруы тиіс, - деген Назарбаев.

Ақышев кездесу кезінде Қазақстан қазіргі әлемдік қор және тауар нарықтарындағы жағдайлармен санасуға және "тиісті қаржы-несие саясатын жүргізіп, валюта бағамын еркін қалыптастыруға мәжбүр екенін" айтқан. "Ең бастысы - қоғамға қазір не болып жатқанын түсіндіру" деген Ақышев.

Данияр Ақышев 2 қарашада отставкаға кеткен Қайрат Келімбетовтің орнына ұлттық банк төрағасы болып тағайындалған. Ақышев келген соң ұлттық банк елдің алтын-валюта резервін сақтау үшін қор нарығындағы саудаға араласуын азайтатынын мәлімдеген. Бұдан соң доллар бағамы 300 теңгеден қымбаттаған. Бүгін Қазақстан қор нарығындағы саудада доллардың орташа бағамы 308 теңгеден асып тұр.

XS
SM
MD
LG