Accessibility links

Ресей Украина қарызын қайта құрылымдауды ұсынды


Ресей президенті Владимир Путин. Анталия, 16 қараша 2015 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин. Анталия, 16 қараша 2015 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин Украинаға 3 миллиард доллар мемлекеттік қарызын қайта құрылымдауды ұсынды.

16 қарашада |Анталияда өткен "Үлкен жиырмалық" (G20) елдері саммиті аясында Путин Украинаға желтоқсанға дейін мемлекеттік қарызын төлеу туралы берген мұрсатын алып тастауды ұсынды. Ол Мәскеу Украинаның 3 миллиард доллар қарызын осы жылы бірден емес, 2016-2018 жылдары 1 миллиардтан бөліп төлеуіне келісетінін айтты.

"Біз Украинаның қарызын қайта құрылымдауда ғана емес, біз қайта құрылымдау шарттарын Халықаралық валюта қоры сұрағаннан да жақсартуды ұсындық" деді Путин.

Ресей билігі бұған дейін Украина қарызын 20 желтоқсанға дейін толық қайтаруы тиіс деген талап қойып, егер Киев мұны орындамаса заңдық әрекеттерге жүгінетінін ескерткен.

Путин 16 қарашада Ресей АҚШ, Еуропа Одағынан немесе әлемдік қаржы ұйымдарынан қарызының төленетініне кепілдік беруін сұрағанын айтқан.

"Серіктеріміз Украинаның несие рейтингісі өсетініне және бізге келесі жылы 3 миллиард доллардың қайтарылатынына ешқандай себеп жоқ екеніне аса сенім білдіргендіктен оларда қаржыны қайтаруға қатысты ешқандай мәселе болмауы тиіс" деді Путин. Оның сөзінше, Ресей әріптестерімен қарызды қайта құрылымдау шарттарын таяу уақыттары егжей-тегжейлі қарамақ.

Рсеей қаржы вице-министрі Сергей Сторчак Халқаралық валюта қорында (ХВҚ) 8 желтоқсанға дейін ұсынысқа жауап беруге уақыты барын айтады.

Украина қаржы министрлігі әзірге Ресейден қарызын қайта құрылымдауға қатысты ешқандай ұсыныс түспегенін айтады. АЛ ХВҚ өкілі Ресейдің ұсынысы Мәскеу мен Киев арасында егжей-тегжейлі талқылануы керек дейді.

Украина экономикасын рецессиядан шығаруға көмектесетін ХВҚ бөлген 17,5 миллиард доллар несиені алу үшін қарызын қайта құрылымдауы тиіс.

Тамызда Украина халықаралық кредиторлармен 15 миллиард доллар қарызының 20 пайызын кешіру және қалғанын төлеу мерзімін тағы төрт жылға ұзарту туралы келісім жасасқан. Бірақ Мәскеу Украина 3 миллиард доллар қарызын Виктор Янукович президенттігі кезінде алғанын және ол жекелеген кредиторларға әртүрлі шартпен қайтарылуы тиіс деп келісімге қатысудан бас тартқан.

XS
SM
MD
LG