Accessibility links

Алматыда Березовка туралы фильм көрсетті


Crude Accountability экологиялық құқық қорғау ұйымының кеңесшісі Сергей Соляник. Алматы, 17 қараша 2015 жыл.
Crude Accountability экологиялық құқық қорғау ұйымының кеңесшісі Сергей Соляник. Алматы, 17 қараша 2015 жыл.

Алматыда бүгін Crude Accountability экологиялық құқық қорғау ұйымы түсірген "Березовка: нәтиже" деп аталатын бейнефильм көрсетілді. Фильмді осы ұйымның кеңесшісі Сергей Соляник көрсетті.

Фильмде Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылының тұрғындары тап болған проблемалар айтылады. Тұрғындар билік өздерін басқа жаққа көшіретінін мәлімдегеннен кейін біршама проблемаға кезіккенін айтады. Тұрғындардың көпшілігі үйлерін бағалау жұмысына келіспейтінін және қолдағы малдарын арзан бағаға сатуға мәжбүр болғанын айтады. Кейбір тұрғындар Орал қаласына көшкісі келетінін айтады. Олардың сөзінше, билік көшіп баруды ұсынған Ақсай қаласы мен Бөрілі ауылы да экологиялық жағынан алғанда тұруға қолайсыз.

Фильм Березовка ауылы тұрғындарынан сұхбат алу және басқа да көріністер арқылы телерепортаж түрінде түсірілген. Фильмнің ұзақтығы шамамен 15 минутқа жетеді.

Соляниктің айтуынша, Березовкадағы балалардың жаппай улануынының шынайы себептері әлі анықталған жоқ. Ол балалар мектептің жылу қазандығындағы ақаудан уланды деген болжам қазір айтылмайды дейді. Оның сөзінше, балалар жылыту маусымы басталмай жатып естен танып құлап жатыр. Тұрғындар балалардың жиі естен танып құлауын ауылға жақын Қарашығанақ мұнай-газ кенішінінен көреді.

Жергілікті билік тамызда Березовка тұрғындарын Ақсай қаласында салынған бес қабатты екі үйге және Бөрілі ауылына көшіруге шешім қабылдаған. Билік Березовка тұрғындарын "Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кенішінің санитарлық қорғау аймағын ұлғайту үшін" көшіретінін айтады.

XS
SM
MD
LG