Accessibility links

Ахметов сотында экс-әкім айыпты мойындамады


Мейрам Смағұлов Қарағанды қаласының әкімі кезінде.

Мейрам Смағұлов Қарағанды қаласының әкімі кезінде.

Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовтің ісі бойынша сотта куәлік еткен азамат - Қарағанды қаласының бұрынғы әкімі, жемқорлық бабымен айыпталып, былтырдан бері қамауда отырған Мейрам Смағұлов өзіне тағылған айыпты мойындаудан бас тартты.

Бұрынғы әкімнің айтуынша, жауапты төменгі сатыдағы шенеуніктер беруі керек.

- Бөлім басшылары осыған жеткізді. Олар өздерін бастықша сезінеді. Мамандардың, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бастығының, қалалық кеңес бастығының міндеттері жарғымен, ережемен, функционалды міндеттермен бекітілген. Олардың қаржылық құжаттарға қол қоюға құқығы бар және өз істері үшін, шаруашылық субъектілері үшін толық жауап береді. Маған іліп отырған 50 миллионды мен қабылдамаймын. Бұл - келісім-шартта кімнің жауапкер екендігі анық көрсетілген екі шаруашылық субъектісі арасындағы келісімдік қатынас. Яғни тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бастығы немесе қалалық кеңес жауап беруі тиіс, - деді Мейрам Смағұлов сотта.

Мейрам Смағұлов Қарағанды қаласының әкімі болып 2012 жылы тағайындалған. Ол 2014 жылы өз қызметінен «өз еркімен» кеткен. Тергеу версиясы бойынша, Мейрам Смағұлов Қарағанды қаласының әкімі қызметін атқарған уақытта Қарағанды тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бастығына «СтальЦинк» компаниясымен бірге жарық бағандарын орнату жөнінде келісім шарт жасауға тапсырма берген. Сонымен қатар Смағұловқа "жер учаскелерін бөліп берді" деген де айып тағылған.

«СтальЦинк» Қарағанды облысындағы жемқорлықты зерттеу ісінде бұрын премьер-министр, Қарағанды облысы әкімі міндетін атқарған Серік Ахметовке тиесілі компания ретінде қаралады. Ахметовті және Қарағанды қаласы мен облысының бірнеше топ-шенеуніктерін ірі ауқымдағы жемқорлық айыбымен айыптайды.

XS
SM
MD
LG