Accessibility links

Ресей Ашықтықты қорғау қорын "шетел агенті" деп таныды


Ресейдегі Ашықтықты қорғау қорының жетекшісі Алексей Симонов.

Ресейдегі Ашықтықты қорғау қорының жетекшісі Алексей Симонов.

Ресей әділет министрлігі Ашықтықты қорғау қоры үкіметтік емес ұйымын «шетел агенті» деп жариялады. Министрлік аталған қорды «жоспардан тыс тексеруден» соң осындай қорытынды жасаған.

1991 жылы құрылған Ашықтықты қорғау қорының негізін қалаушылар қатарында Егор Яковлев, Элем Климов, Владимир Молчанов, Марк Розовский, Алексей Герман бар. Жазушы, кинорежиссер әрі құқық қорғаушы Алексей Симонов басқаратын қор әуел бастан отандық баспа және электронды ақпарат құралдары жұмыс істейтін құқықтық кеңістікті дамыту және сақтауды өз мақсаты деп жариялаған.

Содан бері қор қызметкерлері Ресейде журналистерге көмек көрсетіп, оларды қорғаумен айналысып келген. 2015 жылдың басында ұйым Воронеж журналистерін қорғаған. Алексей Симонов Ресей әділет министрі Александр Коноваловқа БАҚ құқығын қорғау орталығының қуғындалуына байланысты хат жазған. Онда Симонов Воронеждегі БАҚ құқығын қорғау орталығы мен оның жетекшісі Галина Араповадан орталықты «шетел агенті» деп тіркеуді талап еткен Воронеж әділет басқармасының қызметкерлерін қызметтен босатуды сұраған.

Ашықтықты қорғау қорының жетекшісі Алексей Симонов министрге аймақтық әділет басқармасы заңгерлерінің «қолданыстағы ақпараттық заңдарды сауатсыз түсіндіргенін және заңдық көмек көрсете алмағанын» жеткізген.

Ресейде үкіметтік емес ұйымдарды «шетел агенті» деп ажыратып, арнайы тізімге алуды белгілейтін заң 2012 жылдан бастап қолданысқа енген. Ол заң шетелден қаржыландырылатын, саяси қызметпен айналысатын ұйымдарды «шетел агенттері» тізімінде тіркелуге міндеттейді. Былтыр енгізілген өзгеріске сәйкес, әділет министрлігіне үкіметтік емес ұйымдарды әлгі тізімге мәжбүрлі түрде кіргізу құқығы берілген. Осы уақытқа дейін Ресейде «шетел агенті» тізіміне алынған үкіметтік емес ұйымдар саны жүзге жетіп қалды.

XS
SM
MD
LG