Accessibility links

Әуежай, вокзалдарда қауіпсіздік шарасы күшейтілді


Теміржол бекеті. (Көрнекі сурет.)

Теміржол бекеті. (Көрнекі сурет.)

Қазақстан ішкі істер министрлігі елдегі әуежайлар мен теміржол вокзалдарында қауіпсіздік шараларын күшейтілгенін хабарлады.

Министрліктің көліктегі ішкі істер департаментінің ақпараты бойынша, әуежайлар мен теміржол вокзалдарында полиция қарауылы қойылып, олар әскерилендірілген теміржол күзеті мекемесінің қызметкерлерімен және әуежай қауіпсіздігі қызметімен бірлесіп, әуежайлар мен теміржол вокзалдарын бақылайды. Департамент әуежайлардағы тексеру қызметтері тәулік бойы әуежайларда ұшып келген және ұшып кететін жолаушыларды, ал теміржолда әскери күзет қызметкерлері келген жолаушыларды метал анықтағыш құралдардың көмегімен тексеру жүргізетінін айтады.

Қазірге дейін Астана, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Тараз, Шымкент, Өскемен, Қостанай және Көкшетау қалаларындағы әуежайлардың кіреберісіне алғашқы тексеру құралдары орнатылған. Өзге қалалардың әуежайларына да осындай құрылғылар орнатылатыны хабарланды.

Бұған дейін Астана әуежайында «кейбір шет мемлекеттерде болып жатқан қайғылы оқиғаларға байланысты» қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, қосымша тексеру жабдықтары орнатылғаны хабарланған еді.

13 қарашада Франция астанасында бірнеше жерде террорлық шабуылдар жасалып, салдарынан 132 адам қаза тапқан. Қайғылы оқиғалардан 350-ден аса адам жараланған. Париждегі терактілер үшін жауапкершілікті «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы мойнына алған.

XS
SM
MD
LG