Accessibility links

Ресей «Адам құқығы институтын» шетел агенті тізіміне алды


Адам құқығы институты» коммерциялық емес ұйым жетекшісі, құқыққорғаушы, советтік диссидент Сергей Ковалев.

Адам құқығы институты» коммерциялық емес ұйым жетекшісі, құқыққорғаушы, советтік диссидент Сергей Ковалев.

Ресей әділет министрлігі елдегі «Адам құқығы институты» бейүкіметтік және коммерциялық емес ұйымды «шетелдік агенттер» тізіміне енгізді деп хабарлады РАПСИ

Әділет министрлігінің хабарламасында «Адам құқығы институты» коммерциялық емес ұйымының жұмысы «шетелдік агент қызметіне сай келетіні» министрліктің Мәскеу қаласы бойынша бас басқармасы жүргізген жоспарлы құжаттық тексеру барысында анықталғаны айтылған.

Құқыққорғаушы, советтік диссидент Сергей Ковалев жетекшілік ететін бұл институт Ресейде адам құқығы саласында зерттеу және ағартушылық жұмыстармен айналысады. Институт сайтындағы ақпаратта өзі дайындаған және бірлескен жобаларды жүзеге асыру кезінде коммерциялық емес ұйым Ресейдің федералдық және аймақтық омбудсмендерімен, азаматтық қоғамды дамыту және адам құқығы жөніндегі президенттік кеңеспен, ресейлік және халықаралық ұйымдармен серіктестік негізде жұмыс істейтіні айтылған.

Ресейде 2012 жылы қарашада қабылданған заң шетелден қаржыландырылатын, саяси қызметпен айналысатын ұйымдарды «шетел агенттері» ретінде арнайы тізімде тіркелуге міндеттейді. Кейін осы заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, Ресей әділет министрлігіне үкіметтік емес ұйымдарды әлгі тізімге мәжбүрлі түрде кіргізу құқығы берілген. Ресейлік коммерциялық емес ұйымдар бұл заңға қарсылық білдіріп, сотқа, соның ішінде Еуропаның адам құқығы жөніндегі сотына да шағымданған.

Қазіргі уақытта Ресей әділет министрлігінің «шетелдік агенттер» тізіміне алынған ұйымдар саны жүзден асқан. Қарашаның 19-ы күні осы тізімге билік Ашықтықты қорғау қоры үкіметтік емес ұйымын да енгізген.

XS
SM
MD
LG