Accessibility links

Оралда наразылық жиынын өткізуге сұраған жерге ағаш екті


«Жас эколог» жастар ұйымының мүшесін (оң жақта) журналистер суретке түсіріп тұр. Орал, 21 қараша 2015 жыл.

«Жас эколог» жастар ұйымының мүшесін (оң жақта) журналистер суретке түсіріп тұр. Орал, 21 қараша 2015 жыл.

Батыс Қазақстан облысының орталығы Оралда бүгін ондаған студент бұған дейін қала билігі жергілікті азаматтық белсенділерге коммуналдық тарифтердің қымбаттауына қарсы жиын өткізуге рұқсат бермей қойған алаңға ағаш көшеттерін отырғызды.

Апта басында қала әкімдігі азаматтық белсенді Жанат Есентаевтың жергілікті билік Оралда митинг, шеру және т.б. шаралар өткізетін жер ретінде белгілеген жалғыз орын – жөндеу зауыты маңындағы скверде жиын өткізуге рұқсат сұраған өтінішін қанағаттандырудан бас тартып, оған «қаланы көріктендіру жөніндегі экологиялық акция өткізілмек» деген себеп айтқан еді.

Бүгін Оралда қар аралас жаңбыр жауып тұрғанына қарамастан қалалық коммуналдық шаруашылық қызметі әлгі скверде қарағаш көшеттерін, күректер мен шұңқырларды алдын ала әзірлеп қойды. Жарты сағат ішінде студенттер отызға жуық көшет отырғызды.

«Жас эколог» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Саламат Исламғали бүгін отырғызылған көшеттерге суық ауа-райы кедергі болмайтындығына және көктемде бұл ағаштар бүршік жарып, тамырланып кететініне сенімді. Ол Азаттыққа бүгінгі шара жастардың бастамасы бойынша өткізіліп жатқанын және азаматтық белсенділердің осы жерде наразылық жиынын өткізу жоспары болғанынан өзінің бейхабар екенін айтты.

Биыл қыркүйектің соңында «Қымбат тарифтерге жол жоқ!» бейресми коалиция белсенділері Оралдың орталығындағы Сырым Датұлы алаңында наразылық жиынын өткізуге жергілікті биліктен рұқсат сұраған еді. Бірақ әкімдік белсенділер жиын өткізбек болған күні дәл сол жерде «Тұрақтылық үшін!» деген тақырыппен жастар жиыны өтетінін алға тартып, наразылық жиынына рұқсат бермей қойған.

Оралда қарлы жаңбыр күнгі ағаш егу туралы видео:

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG