Accessibility links

Қырым түбегі электр жарығынан ажырады


Жарылыстан бүлінген электр желісі бағаны. Чаплынка, Украина, 21 қараша 2015 жыл.

Жарылыстан бүлінген электр желісі бағаны. Чаплынка, Украина, 21 қараша 2015 жыл.

Жексенбіге қараған түні Қырым түбегі толықтай электр қуатынан ажырап, Симферополь, Севастополь, Феодосия, Евпатория және басқа қалалар жарықсыз қалғаны туралы жергілікті тұрғындар әлеуметтік желілерде жазып жатыр. Ресейдің ТАСС агенттігі «Крымэнерго» компаниясының директоры Виктор Плакиданың: «Қырым толық [электрден] ажырады, егжей-тегжейін әзірше айта алмаймын» деген сөзін келтірген.

Қырымға электр қуаты негізінен Украинадан жеткізіледі. Жарық өшердің алдында, сенбі күні, Украинада Қырымға тартылған үлкен электр бағандары жарылыс салдарынан зақымданғаны туралы ақпарат тараған. Сол күні түнге қарай электр желісі бағандарында екінші рет жарылыс болғаны туралы Facebook әлеуметтік желісінде журналист Осман Пашаев пен жоғары лауазымды полиция шенеунігі Илья Кива хабарлаған. Бірақ ол жарылысты кімдердің ұйымдастырғаны туралы ақпарат жоқ.

21 қарашада Қырым түбегіне блокада жариялау акциясына қатысушылар бүлінген электр желісі бағандарын жөндеуге бөгет жасап, полиция өкілдерімен қақтығысып қалған. Екі жақтан да адамдар зардап шеккені туралы хабарланған. Кейін тараптар өзара мәмілеге келіп, наразылар жұмысшылардың электр желісіне тұйықтау жұмыстарын жүргізуіне келіскен.

Сенбінің кешінде Қырым татарлары жетекшілерімен кездескен Украина президенті Петр Порошенко Ресей аннексия жасаған Қырым түбегімен сауданы тоқтатуды үкіметке тапсыратыны жайлы уәде еткен.

XS
SM
MD
LG