Accessibility links

Алматыда борышкерлер наразылық танытты


Ұлттық банк алдында наразылық танытып тұрған борышкерлер. Алматы, 23 қараша 2015 жыл.

Ұлттық банк алдында наразылық танытып тұрған борышкерлер. Алматы, 23 қараша 2015 жыл.

Алматыда бүгін ипотекалық несиемен үй алдық деген 30 шақты борышкер ұлттық банк алдында наразылық танытты.

Ақтөбеден келген борышкер, "Халыққа баспанасын қалдырайық" қозғалысының мүшесі Гүлжамал Айтмұхаметованың Азаттыққа айтуынша, банктен ипотекалық несиемен алған үйлердің қарызын қайта қаржыландыру бағдарламасы аяқталмайынша борышкерлерді үйлерінен күштеп шығармауды талап етеді.

- Проблемалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы аяқталып болмайынша борышкерлерді үйлерінен шығаруды тоқтатсын. Борышкерлер бағдарлама бойынша ипотекалық несиелерін қайта қаржыландыруға құжат тапсырып қойған. Соған қарамастан сот орындаушылар қарызын төлемеген борышкерлерді күштеп үйлерінен шығарып жатыр. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерге сотқа қарыздарын өндіру жөнінде талап-шағым беруді тоқтатсын деген бұйрық беруі тиіс, бірақ бермей отыр, - деді Айтмұхаметова.

Борышкерлерен кездесуге шыққан ұлттық банктің тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің директоры Александр Терентьев банктердің бағдарлама жүріп жатқанда борышкерлерді үйлерінен шығаруы заңсыз екенін ғана айтып, наразылардың тарауын сұрады.

Биыл ақпанда президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық банкке үкіметпен бірлесіп ипотекалық тұрғын үй бойынша қарызын өтей алмай жүргендердің мәселесін шешуді тапсырған. Бұдан соң ұлттық банк проблемалық ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру үшін 130 миллиард теңге қаржы бөлген. Ол қаржының жартысына жуығы екінші деңгейлі банктерге аударылған. Қарашаның басында ұлттық банк 3 мың 500 проблемалық ипотекалық несие қайта қаржыландырылғанын хабарлаған. 1 қарашаға дейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысуға 11 мың өтініш түскен. Оның 6 мыңы бойынша несиені қайта қаржыландыру туралы оң шешім шыққан.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG