Accessibility links

Әзербайжандық легионер Қазақстанға алтын әперді


Қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимов. (Суретті Қазақстан ауыр атлетика федерациясы баспасөз қызметі ұсынды)

Қазақстандық ауыр атлет Нижат Рахимов. (Суретті Қазақстан ауыр атлетика федерациясы баспасөз қызметі ұсынды)

Хьюстонда (АҚШ) өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында қазақстандық атлет, 77 килограмда сынға түскен 22 жастағы Нижат Рахимов қоссайыс қорытындысы бойынша 372 килограмм зілтемірді көтіріп, әлем чемпионы атанды.

Ол жұлқа көтеруде үш мүмкіндігін де сәтті пайдаланып, 155, 160және 160 килограмды көтерді. Бұл жаттығуда оның басты қарсыластары 31 жастағы қытайлық атлет, Лондон олимпиадасының чемпионы Люй Сяоцзюнь (Қытай) 175 килограмм, Ким Квонг Сонг (Солтүстік Корея) 171 килограмм, Андряник Карапетян (Армения) 167 килограмм еңсерді.

Ал серпе көтеруде Рахимов алдымен 195 килограмды көтеріп алды да, 200 килограмға тапсырыс берген. Бұл уақытта қытайлық Люй Сяоцзюнь үш мүмкіндігінде де 201 килограмды көтере алмай, жарысты жүлдесіз аяқтап койған еді. Қытайлық спортшының сәтсіздігінен кейін Қазақстан бапкерлері Рахимовтың тапсырысын бірден 205 килограмға көтеріп, жүлдеге таласуға шешім қабылдаған. Бұл сәтте солтүстік кореялық Ким Квонг Сонг үшінші мүмкіндігінде 201 килограмды алып, қоссайыс қорытындысы бойынша 372 килограммен көш бастап тұрған.

Рахимов алтынға таласу үшін 207 килограмды көтеру керек еді. Қазақстан құрамасының бас бапкері Рахимовтың тапсырысын бірден 205 килограмнан 207 килограмға көбейтті. Спортшы бұл салмақты да көтеріп, бес-алты секунд ұстап тұрды. Төрешілер оның бұл мүмкіндігін толық есептеді. Рахимов соңғы үшінші мүмкіндігінде әлем рекордына тең 211 килограмды көтермекке талпынғанымен, бұл салмақ оның ырқына бағынбады.

Осылайша, Рахимов қоссайыс бойынша 372 килограмм көтеріп, Солтүстік Корея атлетімен тең нәтиже көрсетті. Рахимовтың cалмағы Ким Квонг Сонгтан бір килограмға жеңіл болғандықтан ереже бойынша алтынды алды. Қола медаль 363 килограмды (162+201) көтерген египеттік Мохамад Ихаб Юсуф Ахмед иеленді.

Хьюстондағы әлем чемпионаты 28 қарашада аяқталады. Бұл жарысқа 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында алтын алған Жасұлан Қыдырбаев, күміс жүлдегер Жазира Жаппарқұл, Лондон олимпиадасының чемпиондары Светлана Подобедова мен Мая Манеза қатысады.

  • 16x9 Image

    Руслан МЕДЕЛБЕК

    1990 жылы 4 қаңтарда дүниеге келген.

    Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетін "Халықаралық журналистика" мамандығы бойынша тәмамдаған.

    Халықаралық спорт журналистері қауымдастығы мен Халықаралық олимпиада комитетінің жас репортері.

    "Спорт", "Қазақ спорты" газеттерінде, "Алматы" телеарнасында журналист-репортер болған. 2012 жылдан бері "Азаттық" радиосының тілшісі. Сочи - 2014 қысқы және Рио - 2016 жазғы олимпиада ойындарынан тікелей хабар таратты.

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG