Accessibility links

Назарбаева: Саясаттағы әйелдерге алғыс білдірмейді


Қазақстан вице-премьері Дариға Назарбаева.

Қазақстан вице-премьері Дариға Назарбаева.

Вице-премьер Дариға Назарбаева саясатта жүрген әйелдердің "талмай жұмыс істесе де сынға ұшырайтынын" мәлімдеді. Бұл жайлы ол бүгін Астанада өтіп жатқан төртінші Еуразия әйелдер саммитінде айтты.

Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан саммитке бизнесте, саясатта жүрген әйелдер қатысып жатыр.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, саммитте Дариға Назарбаева сөз сөйлеп, әйелдерді "отбасында, бизнесте және саясатта жүретін" үш топқа бөлді. Әйелдердің қай-қайсысының болмасын ісінің қиындығын айтқан Назарбаева отбасы мен бизнестегі әйелдердің ісін "игілікті, қайтымы" бар деп атап, саясаттағы әйелдердің "үнемі сынға ұшырайтынын" айтты.

"Бизнестегі әйелдер балаларын өсіреді, еріне қарайды, туыстарын күтеді. Бизнесте жүрген әйел болсаң отбасындағы қызметтен өзге бөлек балаларынды оқытасың, табысыңды молайтасың, жағдайың жақсарады. Әйтеуір бір пайда бар. Ал саясатта 24 сағат жұмыс істесең де үнемі сын естисің, саған ешқандай алғыс айтпайды" деді Назарбаева.

Назарбаева бұған қоса Қазақстан әйелдері 1990 жылдардағы қиын кезеңді де бастан өткергенін, қазір "жағдай жақсарғанын айтып, әйелдерді "біреу-міреудің елде жағдай нашар деген сөзіне сенбеуге" шақырды.

Жиынға қатысушылар вице-премьердің сөзіне жиі қол соғып отырды.

Жиында сөйлеген "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова бизнестегі әйелдерді жекешелендіруге белсенді қатысуға шақырды.

XS
SM
MD
LG