Accessibility links

Ресей армян қырғынын "геноцид" демейтіндерді жауапқа тартпақ


Ресей мемлекеттік думасының отырысы. (Көрнекі сурет.)

Ресей мемлекеттік думасының отырысы. (Көрнекі сурет.)

Ресей парламентінің бір топ депутаты 1915 жылы Осман империясы кезінде армяндардың қырғынға ұшырағанын «геноцид» деп танудан бас тартқандарды жауапқа тарту туралы заң жобасын ұсынды.

«Справедливая Россия» партиясының жетекшісі Сергей Миронов 25 қарашада ұсынылған заң жобасында Армения мен кейбір елдер айтатындай Осман империясында жасалған қырғынды «геноцид» деп қабылдамағандарға 500 мың рубльге дейін (7600 АҚШ долларынан астам) сомада айыппұл салу қарастырылғанын айтады.

Ресей депутаттары бұл заң жобасын Түркия әуе күштері Сириямен шекарада Ресейдің Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсірген соң бір күннен кейін ұсынып отыр.

Армения Осман армиясы 1915 жылы бір жарым миллион армянды «жүйелі түрде қырғынға ұшыратып», көпшілігін отанынан күштеп жер аударған деп санайды. Ал Түркия бұнымен келіспейді әрі ол кезде екі жақ та адамгершілікке қарсы қылмыстар жасағанын және армяндардың да көптеген түріктерді өлтіргенін айтады.

Осман империясы кезіндегі армяндар қырғынын «геноцид» деп таныған 25 елдің қатарында Ресей де бар.

XS
SM
MD
LG