Accessibility links

Санкт-Петербург: Умаралидің туыстарын үйінен шығарды


Умарали Назаровтың отбасы.
Умарали Назаровтың отбасы.

Ресейдің Санкт-Петербург қаласының билігі анасы абақтыда болғанда белгісіз жағдайда шетінеген этникалық тәжік бала Умарали Назаровтың әкесі мен әжесін жалдап тұрып жатқан үйлерінен шығарды деп хабарлады Азаттықтың Тәжік қызметі.

Әжесі Мехриннисо Назарованың айтуынша, олар көп қабатты үйдің бірінші қабатындағы пәтер жалдап тұрып жатқан, бірақ өздерін «прокуратура өкілдеріміз» деп таныстырған адамдар «үйдің тұруға жарамайтынын» хабарлап, пәтерді босатуды сұраған соң кеткен. Оның сөзінше, қазір олар туыстарының жалға алған үйінде тұрып жатыр.

«Биліктің оларды күштеп шығаруға хақы бар, бірақ мынадай жағдайда аяушылық білдіруге болатын еді ғой» деп жазады Назаровтар отбасының адвокаты Ольга Цейтлинге сілтеме жасаған «Коммерсантъ» басылымы.

Тәжік мигранты Зарина Юнусованың бес айлық сәбиі Умарали 15 қазанда, шешесі миграциялық заңды бұзды деген айыппен абақтыға қамалған соң бір күннен кейін қайтыс болған еді. Юнусова полицейлер өзін қамауға алғанда сәбиін бөлек алып кетіп, бес сағаттан соң босатқанға дейін қайтармағанын айтады. Сәбидің ата-анасының сөзінше, полиция оларға баланың «тыныс алу жолдары сыр беріп, ауруханаға жеткізілгенін» айтқан.

Бұл оқиға Ресейдегі тәжік мигранттары мен құқық қорғау ұйымдарының наразылығын тудырған.

XS
SM
MD
LG