Accessibility links

Түркиядағы шеру журналистерді босатуды талап етті


Журналистерді тұтқыннан босатуды талап еткен шерушілерге полиция газ шашып тұр. Анкара, Түркия, 27 қараша 2015 жыл.
Журналистерді тұтқыннан босатуды талап еткен шерушілерге полиция газ шашып тұр. Анкара, Түркия, 27 қараша 2015 жыл.

Түркияда жұма күні Стамбул қаласында шығатын Cumhuriyet («Республика») басылымы журналистерін тұтқыннан босатуды талап еткен наразылық шерулері өтті. Анкарада полиция наразы топты тарату үшін көзден жас ағызатын газ шашты. Қамаудағы журналистерге қолдау танытқан бірнеше жүз адам Стамбулда аталған газет редакциясы алдында шеруге шыққан.

Бейсенбі күні түрік полициясы Cumhuriyet газетінің екі қызметкерін – бас редактор Жан Дүндар мен тілші Эрдем Гүлді «тыңшылықпен айналысқан» деген күдікпен қамауға алған еді.

Бұл екеуі биыл жазда Анкараның Сирияда президент Башар Асад режиміне қарсы соғысып жатқандарға қару-жарақ бергені жайлы журналистік зерттеу мақалаларын жариялаған. Бұдан соң Түркия президенті Режеп Ердоған оларды «террористерге болысып, тыңшылық жасады» деп айыптаған.

Журналистер өздері жүргізген зерттеу барысында Түркия арнайы қызметінің Сириядағы исламшыл күштерге қару-жарақ бергені жайлы деректерді анықтағандарын мәлімдеп, өздеріне тағылған айыпты «өтірігі әшкере болған үкіметтің журналистерге қысымы» деп бағалаған.

Түркия үкіметі «журналистер зерттеуінде Сириядағы түркімендерге арналған гуманитарлық жүкті қару-жараққа балаған» деп мәлімдеген.

АҚШ пен Еуропа одағы Түркияда журналистердің тұтқындалуына байланысты алаңдаушылық білдіріп, Анкараны «сөз және баспасөз бостандығын құрметтеуге» шақырған.

XS
SM
MD
LG