Accessibility links

Ресей ТҮРКІСОЙ-мен байланысын тоқтатады


ТҮРІКСОЙ ұйымы кезекті жиынының ашылу рәсімі. Уфа, Башқұртстан, Ресей, 6 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

ТҮРІКСОЙ ұйымы кезекті жиынының ашылу рәсімі. Уфа, Башқұртстан, Ресей, 6 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекі сурет.)

Сириядағы ресейлік Су-24 ұшағын түрік әуе күштері атып түсірген соң Ресей халықаралық түркі мәдениеті ұйымымен (ТҮРІКСОЙ) байланысын тоқтатпақ деп хабарлайды ресейлік «Известия» газетіне сілтеме жасап Tengrinews сайты.

Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский осы елдің құрамындағы Алтай, Башқұртстан, Саха (Якутия), Татарстан, Тыва мен Хакасия республикаларына ТҮРІКСОЙ ұйымымен байланысты дереу доғару туралы жеделхат жолдаған.

Ресейдің «РИА Новости» агенттігіне сұхбатында Ресей мәдениет министрінің орынбасары Алла Манилова Ресей ТҮРІКСОЙ ұйымына мүше емес екенін, бірақ оның алты аймағы бақылаушы ретінде қатысатынын айтқан. Оның сөзінше, штаб-пәтері Анкарада орналасқан ТҮРІКСОЙ ұйымы қаржының негізгі бөлігін Түркиядан алады.

Ресей президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой «Анкара Су-24 ұшағын атып түсіруге байланысты Мәскеуден кешірім сұрамағандықтан Ресей мен ТҮРІКСОЙ ұйымы арасындағы келісім тоқтатылуы тиіс» деп біледі.

Әлемдегі түркітілдес елдердің басын біріктіретін ТҮРІКСОЙ халықаралық мәдени ұйымының негізін 1990-жылдардың басында Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан және Түркия бірлесіп қалаған. Ұйымның негізгі мақсаты – түркітілдес халықтардың өзара байланысын нығайтып, түркі әлемінің ортақ мәдени құндылықтарын танып-зерттеу, сақтау және толықтыру, оларды келешек ұрпаққа жоғалтпай жеткізу болып табылады.

Қазір ТҮРКІСОЙ халықаралық ұйымының бас директоры қызметін Қазақстанның бұрынғы мәдениет министрі Дүйсен Қасейінов атқарады.

XS
SM
MD
LG