Accessibility links

Қырғызстанда тағы бір экс-министр істі болды


Қырғызстанның бұрынғы қорғаныс министрі Таалайбек Омуралиев.

Қырғызстанның бұрынғы қорғаныс министрі Таалайбек Омуралиев.

Қырғызстанның бұрынғы қорғаныс министрі Таалайбек Омуралиевтің үстінен қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды Азаттықтың Қырғыз қызметі.

Қырғызстан бас прокуратурасының ақпараты бойынша, экс-министрге бірнеше бап бойынша айып тағылған. Қорғаныс министрлігінің 2013 жылы арнайы қаржы есебінен «Аскер Курулуш» мемлекеттік компаниясына бес миллион сом бөлуі қаншалықты заңға сай екенін әскери прокуратура мен Қырғызстан мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің коррупцияға қарсы қызметі бірлесіп тексерген.

Тексеру қортындысында мемлекеттік кәсіпорынға бөлінген қаржының «мақсатына жұмсалмай, коммерциялық құрылымдар есеп-шоттарына аударылып, екі жылға жуық заңсыз айналымда жүргені» анықталғаны айтылған.

Экс-министр Таалайбек Омуралиев пен қорғаныс министрлігінің және «Аскер Курулуш» мемлекеттік компаниясының бірқатар қызметкерлерінің үстінен қылмыстық заңның «сеніп тапсырылған мүлікті иеленіп кету немесе талан-таражға салу», «лауазымды қызмет жағдайын теріс пайдалану» және «қызмет бабында жалған құжат жасау» баптары бойынша іс қозғалған.

Бұған дейін, қазан айында Қырғызстанның тағы бір бұрынғы қорғаныс министрі Абибилла Кудайбердиев пен министрдің орынбасары Нуркалый Жұмабаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған еді. Абибилла Кудайбердиев кезінде Таалайбек Омуралиевтің орнына қорғаныс министрі болып тағайындалған.

XS
SM
MD
LG