Accessibility links

Косовода оппозициялық депутат пен жақтастары тұтқындалды


Полиция өкілдері оппозициялық саясаткер әрі Косово парламентінің мүшесі Албин Куртиді ұстап жатыр. Приштина, 28 қараша 2015 жыл.

Полиция өкілдері оппозициялық саясаткер әрі Косово парламентінің мүшесі Албин Куртиді ұстап жатыр. Приштина, 28 қараша 2015 жыл.

Косово полициясы сенбі күні оппозициялық ұлтшыл саясаткер, парламент мүшесі Албин Куртиді тұтқындады. Радикалды көзқарасымен және наразылық акцияларындағы ұрдажық мінезімен танылған 40 жастағы Курти соңғы апталарда басқа да оппозициялық депутаттармен бірлесіп, парламенттің мәжіліс залында көзден жас ағызатын газ шашуды бірнеше рет қайталаған соң билік оны тұтқындауға ордер берген.

Сербиямен арадағы қатынасты қалыпқа келтіруге және Черногориямен шекараны демаркациялауға қарсы шығып жүрген Курти Приштинада оппозиция өткізген жаппай шеруден соң ұсталған. Ол шеруде Косово билігінің Сербиямен келісімін сынап, елде серб муниципалитеттерін құруға қарсылық білдірген және Косовоны Албанияға қосылуға шақырған

Полиция Куртимен қоса ол биылға дейін басқарған «Өзін-өзі билеу» партиясының қырық шақты белсендісін ұстаған.

Албин Курти 1990-жылдары Косовода сербтер үстемдігіне қарсы шыққан студенттер жетекшісі ретінде танылған. 1998-1999 жылдары Косовода болған жанжалдан соң ол халықаралық бітімгерлік күштеріне және Косовоның тәуелсіздігін мойындамайынша Сербия үкіметімен келіссөздер жүргізуге қарсы болған. 2010 жылы Курти басқарған «Өзін-өзі билеу» партиясы алғаш қатысқан Косово парламенті сайлауында 12,7 пайыз дауыс жинап, парламенттегі 120 орынның 14-ін иеленіп, ықпалды саяси күштердің біріне айналған.

XS
SM
MD
LG