Accessibility links

Египет: Нефертити қабірі табылуы мүмкін


Мысыр перғауыны Эхнатон мен Нефертити балаларымен бірге. Ежелгі тарихи ескерткіштегі кескін.

Мысыр перғауыны Эхнатон мен Нефертити балаларымен бірге. Ежелгі тарихи ескерткіштегі кескін.

Ежелгі Мысыр перғауыны Тутанхамонның қабірі тұсында осы уақытқа дейін белгісіз болып келген тағы бір жасырын орындар болуы мүмкін. Бұл туралы сенбі күні журналистерге Египеттің ежелгі мұра жөніндегі министрі Мамдух әл-Дамати мәлімдеген.

Ол бұған дейін жүргізілген зерттеу қорытындыларына сүйеніп, жақын арада өте үлкен археологиялық жаңалық ашылатынына «90 пайыз сенімді» екенін айтқан. Министрдің жорамалы бойынша, Тутанхамон қабірі қабырғасының арғы жағында Мысырдың ежелгі патшайымы Нефертити жерленген болуы мүмкін.

Биыл тамызда британ археологы Николас Ривз Тутанхамонның қабіріне жақын тұста жасырын бөлмелер орналасқан деген болжамын жария еткен. Ғалымның пікірінше, Тутанхамон мен Нефертити патшайымның бір жерге жерленуі әбден ықтимал.

Біздің дәуірімізге дейінгі 14-ғасырда ежелгі Мысыр билеушісі болған Тутанхамон небәрі 19 жасында қайтыс болған. 1922 жылы оның қабірін Мысырды зерттеуші британдық ғалым Говард Картер мен әуесқой археолог лорд Карнарвон тапқан еді. Кейбір болжам бойынша, Нефертити Тутанхамонның өгей шешесі болған. Бірқатар мамандар патшайым өгей ұлының қасына жерленген болуы мүмкін деп санайды. Берлиндегі Египет мұражайында мүсіні сақтаулы тұрған Нефертитидің қабірін мамандар күні бүгінге дейін таба алмай келеді.

XS
SM
MD
LG