Accessibility links

Астана Малидегі БҰҰ бітімгерлеріне шабуылды айыптады


Астанадағы Қазақстан сыртқы істер министрлігі ғимараты.
Астанадағы Қазақстан сыртқы істер министрлігі ғимараты.

Қазақстан сыртқы істер министрлігі (СІМ) Малиде БҰҰ бітімгерлерін мерт қылған террорлық шабуылды айыптап мәлімдеме таратты деп хабарлады Bnews.kz сайты.

«Қазақстан 2015 жылы 28 қарашада Малидің Кидаль қаласында БҰҰ бітімгерлерінің қазасына ұласқан террорлық актіні қатаң және сөзсіз айыптайды» делінген ресми мәлімдемеде.

Бұдан бір апта бұрын Мали астанасында террористер қолынан жазықсыз адамдардың қаза болғанын айта келе, ресми Астана БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің терроризммен күрес жөніндегі барлық шешімдеріне қолдау білдіріп, әлемдегі негізгі халықаралық қауіпсіздік институты күштеріне жасалған қылмысты «бейбітшілік пен келісім қағидаларына төнген қауіп-қатер ретінде түсіну қажеттігін» мәлімдеген.

Қазақстан террормен күресте бүкіл адамзаттың күшін біріктіруге және Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен жедел халықаралық терроризмге қарсы тұра алатын әлемдік желі құруға шақырған.

Сенбі күні Малидің солтүстігіндегі Кидаль қаласында Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгерлік күштері орналасқан базаға белгісіз біреулер бірнеше зымыран атқан. Салдарынан БҰҰ-ның екі бітімгері мен бір жергілікті азамат қаза тауып, жиырма шақты адам жараланған.

XS
SM
MD
LG