Accessibility links

Назарбаев Түркия-Ресей мәселесіне алаңдайтынын айтқан


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Астана, 16 сәуір 2015 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Астана, 16 сәуір 2015 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефонмен сөйлесіп, Түркияның Ресеймен қарым-қатынасының нашарлай бастағанына алаңдаушылық білдірді деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Президенттер екі жақты қарым-қатынастың қазіргі жағдайы мен келешегін, бірқатар аймақтық және халықаралық мәселелерді талқылаған.

Тараптар Сириядағы дағдарысты және Ресейдің Су-24 әскери ұшағының атып түсірілуін де сөз еткен. Қазақстан президенті оқиғаға өкініш білдіріп, Ресей-Түркия қарым-қатынасының нашарлағанына алаңдаған.

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей мен Түркияның қарым-қатынасы ұзақ жылдар бойы қалыптасқанын, қазір тараптар оны сақтауда жауапкершілік танытуы қажет екенін айтқан.

"Осыған байланысты оқиғаның басын ашып, туындаған жағдайдан шығу үшін екі жақты комиссия құру туралы ұсыныс жасалды" делінген ресми ақпаратта. Онда Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Ресей президенті Владимир Путинмен кездесуге әзір екенін білдіргені де айтылған.

Түркия әуе күштерінің 24 қарашада Ресейдің Су-24 бомбалаушы ұшағын атып түсіруі екі елдің арасындағы жағдайды ушықтырып жіберді. Түркия әскерилері ресейлік ұшақтың «елдің әуе кеңістігін бұзып, ескертуді елемегенін» мәлімдеген. Бірақ Мәскеу ол ұшақтың «Сирия аумағындағы әуе кеңістігінде жүргенін» айтып, Түркия шекарасын бұзғанын жоққа шығарады.

28 қарашада Владимир Путин Түркияға санкциялар салу туралы жарлыққа қол қойды.

XS
SM
MD
LG