Accessibility links

Путин: Түркия ұшақты ИМ мұнайын қорғау үшін атты


Ресей президенті Владимир Путин. Париж, 30 қараша 2015 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин. Париж, 30 қараша 2015 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин Түркияны "Ресей ұшағын "Ислам мемлекеті" (ИМ) террористік ұйымымен тиімді мұнай саудасын сақтау үшін атып түсірді" деп айыптады. Путин бұл мәлімдемесін Парижде өтіп жатқан климаттың өзгеруімен күрес жөніндегі саммитте журналистерге айтқан. Оның бұл сөзі Мәскеудің Түркияның Ресей ұшағын атып түсіргеніне әлі де қатты наразы екенін білдіреді.

Путин "Біз ұшақты атып түсіру туралы шешім түрік территориясына келетін мұнай құбырын қорғау үшін қабылданған деп санаймыз" деді. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ресей саясаткерлерінің осы тақылеттес уәждерін "саясат және жала" деп атаған еді. Анкара "Су-24 ұшағы Түркия әуе шекарасын бұзған және он шақты ескерту алған соң ғана атылды" деп мәлімдеген. Ресей "ұшақ Сирия аумағында болған" дейді.

30 қараша күні АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі "мәліметтерге қарағанда, Ресей ұшағы Түркия шекарасын бұзған" деп мәлімдеді. Бұл ақпаратты НАТО-дағы АҚШ елшісі Дуглас Льют те растаған. Ол "АҚШ мәліметтері Түркия таратқан ақпараттармен сәйкес келеді" дейді. Льют Ресей ұшағының Түркия шекарасына кіріп кетуін "өте қауіпті, керек емес, жауапсыз әрекет" деп атаған.

XS
SM
MD
LG