Accessibility links

Адвокаттар: Ахметов ісінде айғақтар қолдан жасалған


Экс-премьер Серік Ахметов сотта отыр. Қарағанды, 2 желтоқсан 2015 жыл.
Экс-премьер Серік Ахметов сотта отыр. Қарағанды, 2 желтоқсан 2015 жыл.

Экс-премьер Серік Ахметовтің адвокаттары бүгін Қарағандыда өтіп жатқан сотта тергеу барысында «өрескел қателіктер жасалғанын» мәлімдеді. Адвокаттар Ахметов ісіне қатысты сотталушылардың бірі, Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішевті тергеу оған айып тағылмай тұрып басталған дейді.

– Әбдішевті оған айып тағылмай тұрып-ақ айыпты ретінде тергей бастаған. Заңды бұзып құралған айыптау актісін заңсыз деп тануды сұраймын. Бұған қоса қылмыстық істі заңсыз біріктірген. Заңсыз кәсіпкерлікпен айналысу туралы актіге процессуалдық шешім шығармауды сұраймын, - деді адвокат Мерқұлов.

Ахметовтің адвокаты бұған қоса соттан хаттаманы және уақытында сәйкессіздік бар деп кейбір тергеу кезінен түсірілген видеоларды заңсыз деп тануды сұрады.

Ахметовтің тағы бір адвокаты Николай Лесник сот материалына Ахметовтің «Парасат», «Құрмет» ордендерімен марапатталғанын да қосуды сұрады.

Серік Ахметов пен Қарағанды облысы мен қаласындағы бұрынғы шенеуніктердің ісіне қатысты сот процесі тамыз айында басталған. Сотта барлығы 21 адамға «қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланған, «бюджет қаржысын жымқырған» және «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан» деген айыптар тағылып отыр. Бұларға қоса, Серік Ахметов «аса ірі көлемде пара алған» деген күдікке ілінген. Сот тыңдауы барысында сотталушылардың кейбіреулері тергеу кезінде өздеріне қысым жасалғаны туралы мәлімдеп, кейбірі бұған дейінгі берген куәліктерінен бас тартқан.

XS
SM
MD
LG