Accessibility links

Калифорниядағы атыстан ондаған адам қаза тапты


Cан-Бернардинода оқиға болған жерде тұрған адамдар. (Видеодан скриншот). Калифорния. 2 желтоқсан 2015 жыл.

Cан-Бернардинода оқиға болған жерде тұрған адамдар. (Видеодан скриншот). Калифорния. 2 желтоқсан 2015 жыл.

АҚШ-та Калифорния штатының оңтүстігіндегі Сан-Бернардино қаласында белгісіз адамдардың оқ атуынан кемінде 12 адам қаза тауып, бірнеше адамның жараланғаны хабарланды. Оқиға құрбандары жайлы толық мәлімет әлі де анықталып жатыр.

Жергілікті телеарналар мен халықаралық ақпарат құралдарының мәліметіне қарағанда, оқиға әлеуметтік көмек орталығына жақын маңда болған. Полиция оқ атты деген адамдарды іздестіріп жатыр. Әзірге қаза тапқандар туралы ресми ақпарат берілген жоқ. Қолға түскендер жайлы да мәлімет жоқ. Оқиға куәгерлері әскери киім киген белгісіз үш қарулы кісінің жол талғамайтын көлікпен қашып кеткенін айтқан.

АВС-7 телеарнасының хабарлауынша, шабуыл салдарынан 20-дан аса адам қаза тапқан болуы мүмкін. Жергілікті полицияның мәліметінше, Сан-Бернардинодағы бұл оқиға Orange Show RD және Waterman Ave алаңдарында, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қызмет көрсететін мекеменің қасында болған.

АҚШ президенті Барак Обама суыт оқиғадан хабардар етілген. Әзірге оқиға барысы жайлы әртүрлі ақпарат тарап отыр.

Шамамен 214 мың тұрғыны бар Сан-Бернардино қаласы Калифорния штатының орталығы Лос-Анжелестен 100 шақырым қашықтықта орналасқан.

XS
SM
MD
LG