Accessibility links

Мәскеу соты Жириновскийдің шағымын ішінара қанағаттандырды


Владимир Жириновский (сол жақта) мен Михаил Горбачев.

Владимир Жириновский (сол жақта) мен Михаил Горбачев.

Мәскеудің Тимирязев аудандық соты Либерал-демократиялық партияның жетекшісі, саясаткер Владимир Жириновскийдің СССР-дің соңғы басшысы Михаил Горбачев пен «Весь мир» баспасының үстінен «ар-намысы мен іскерлік беделін қорғау» туралы берген шағымын ішінара қанағаттандырды.

Жириновский Горбачевті оның 2014 жылы шыққан «После Кремля» деп аталатын кітабындағы өзіне қатысты пікірі үшін сотқа берген.

Сот Горбачевті Жириновскийге моральдық өтемақы ретінде 6300 рубль төлеуге, баспаны кітаптағы 1993 жылы мемлекеттік думаға сайлау кезінде «сайлаушылардың көпшілігі экстремистік ұрандар көтерген Жириновскийге дауыс бергені» туралы сөйлемді терістеуді міндеттеген.

Жириновский талап-арызында Горбачев пен баспаның әрқайсысынан моральдық өтемақы ретінде 500 мың рубльден жиыны 1 миллион рубль (шамамен 15 мың 200 АҚШ доллары) өндіртіп беруді сұраған және өзіне қатысты Горбачевтің кітапта жазған пікірлерін ресми түрде терістеуін талап еткен.

Горбачевтің кітабында Ресейдің ұлтшыл Либералды-демократиялық партиясының жетекшісі Жириновский бірнеше рет аталады. Горбачев Жириновский бірнеше рет «арандатушылық ұйымдастырған болуы мүмкін» деп, оның кейбір мәлімдемелерін «экстремистік» деп атаған.

«Весь мир» баспасы өкілінің пікірінше, Горбачев кітабында өзінің бағалау тұрғысындағы пайымдауын білдірген. Ал Горбачевтің адвокаты Жириновскийдің өз айтқандарын экстремистік идея емес деп дәлелдеуге тырысуы «таңданыс тудыратынын» айтады.

XS
SM
MD
LG