Accessibility links

Қырғызстан HRW өкілін елге кіргізбеді


«Human Rights Watch» халықаралық құқықққорғау ұйымының Орталық Азия бойынша өкілі Мира Ритман. (Жеке мұрағаттағы сурет.)

«Human Rights Watch» халықаралық құқықққорғау ұйымының Орталық Азия бойынша өкілі Мира Ритман. (Жеке мұрағаттағы сурет.)

Қырғызстан билігі «Human Rights Watch» (HRW) халықаралық құқықққорғау ұйымының Орталық Азия бойынша өкілі Мира Ритманды елге кіргізбей қойды. Бұл туралы Азаттыққа хабарлаған Мира Ритман өзін Қырғызстанға "нон-грата тұлға" деп танылғандықтан және Қырғызстанның миграция туралы заң талабын бұзғандықтан" кіргізбегенін" айтты.

HRW өкілінің Қырғызстанға кіргізілмегенін бүгін Азаттықтың Қырғыз редакциясына Қырғызстан шекара қызметі де растады. Қырғызстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Нұрлан Сүйөркулов Ритманды «миграциялық заң ережелерін бұзғаны» үшін билік орындары елге кіргізуден бас тартқанын айтқан.

– Мира Ритманды «нон-грата тұлға» деп айтуға болмайды. Ондай [шара] саясаткер және дипломаттарға қатысты қолданылады. Human Rights Watch ұйымының өкілі миграциялық заңды бұзғаны үшін кіргізілген жоқ, - деген СІМ баспасөз хатшысы Азаттыққа.

Бірақ ол «халықаралық ұйым өкілі енді қанша уақыт бойы Қырғызстанға кіре алмайды» деген сауалға жауап бермеген.

Ритман қазір қырғыз үкіметіне елге кіргізуден бас тартудың қосымша себебін түсіндіруді сұрайтын хат дайындап жатқандарын айтты.

Ритманның сөзіне қарағанда, HRW өзін Қырғызстанға ұйымның адам құқығын қорғау ісіне кедергі келтіру ниетімен кіргізбеуі мүмкін деп санайды.

«Ұйым өкілін Қырғызстанға кіргізуден бас тарту бұрын болмаған, күтпеген және алаңдатарлық белгі. Республика билігі тыйымды дереу алып, Ритманның Бішкекке оралып, ешқандай қысымсыз жұмысын жалғастыруына мүмкіндік беруі тиіс» деп мәлімдеді HRW ұйымның атқарушы директоры Кеннет Рот.

Мира Ритман Орталық Азияда он жылдан бері тұрып келе жатқанын, ұйым кеңсесі Бішкекте 2012 жылдың қаңтарынан бері жұмыс істейтінін айтады.

Ритманның сөзінше, ұйым Қырғызстандағы адам құқығы жағдайының жай-күйін, үкіметтің халықаралық адам құқығы туралы заңдарды қаншалықты орындайтынын бақылайды. HRW Қырғызстандағы 2010 жылы болған этникалық жанжалды, азаптау оқиғаларын зерттеу жұмыстарымен айналысады.

XS
SM
MD
LG