Accessibility links

Оралда Болатбек Біләловті қолдаушы пикет өткізді


Белсенді Азамат Мұқанов Болатбек Біләловті қолдап пикет өткізіп тұр. Орал, 4 желтоқсан 2015 жыл.

Белсенді Азамат Мұқанов Болатбек Біләловті қолдап пикет өткізіп тұр. Орал, 4 желтоқсан 2015 жыл.

Батыс Қазақстан облысы орталығы Оралда жергілікті белсенді, 24 жастағы Азамат Мұқанов бүгін қала орталығында өткен айда Астанада тұтқындалған белсенді Болатбек Біләловті қолдау акциясын өткізді.

«Интернет пен әлеуметтік желілердегі жазбаларында әлеуметтік және ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тағылған Біләлов әлі қамауда отыр.

Орал қалалық әкімдігі мен Батыс Қазақстан облыстық әкімдігіне жақын Абай алаңында өткізген пикетте Мұқанов қолына Біләловтің суреті салынып, «Құқық қорғаушы Болатбек Біләловке бостандық берілсін!» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Ол бүгінгі пикетке Астана тұрғындарына баспанаға құқығын қорғауға көмектескен Болатбек Біләловтің өзі қазір қолдауға мұқтаж болғандықтан шыққанын айтады. Оралдық белсенді бұған қоса Алматыда қамалған және Біләловпен бірдей айып тағылған белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталинге де қолдау білдіретінін айтты.

– Мен Қазақстан халқынан бұл оқиғаларға үнсіздік танытпай, үн қатуды сұраймын. Егер қазір үнсіз қалсақ, онда біз елімізден және Қазақстан еркін, демократиялық ел болады деген сенімнен айырыламыз, - деді Азамат Мұқанов.

Астана қаласы Сарыарқа аудандық 2-соты 11 қарашада Болатбек Біләловті қамауға алған. Оған қылмыстық кодекстің «араздық тудыру» бабы бойынша айып тағылған.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы бұған дейін Астананы Болатбек Біләлов, Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбеталинді босатуға шақырған.

Оралдық белсенді Азамат Мұқановтың пикетінен видео:

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG