Accessibility links

АҚШ елшісі Ресейдің USRF жайлы шешімін сынады


Ресейдегі АҚШ елшісі Джон Теффт.

Ресейдегі АҚШ елшісі Джон Теффт.

Мәскеудегі АҚШ елшісі Джон Теффт Ресей үкіметінің «Экономикалық және құқықтық даму жөніндегі америка-ресей қорын» (USRF) «жағымсыз ұйым» деп тануына байланысты алаңдаушылық білдірді.

АҚШ елшісі жұма күні таратқан мәлімдемесінде 2006 жылы 15 шілдеде «үлкен сегіздік» саммиті кезінде АҚШ президенті Джордж Буш пен Ресей президенті Владимир Путин Ресейдің ұзақ мерзімді экономикалық дамуына жәрдемдесу және Ресей мен АҚШ арасындағы байланыстарды нығайту мақсатымен қор құратындарын жария еткендерін еске салған. Қор 2006 жылдан бастап Ресей үкіметі мен ресейлік жетекші институттардың серіктес болуымен ресейлік нарық экономикасының ұзақ мерзімді дамуына қолдау көрсету және екі елдің халықтары мен үкіметтері арасында тығыз байланыс орнату үшін жұмыс істеп келген.

«Біз бұл қадамды ресейліктерді өзге әлемнен бұрынғыдан да оқшаулай түсуге бағытталып, жоспарлы түрде жасалған Ресей билігінің кезекті әрекеті деп қарастырамыз. Бүкіл әлемдегі өзге елдер сияқты ресейліктер де ашық идея рыногын пайдалануға және өз құқықтарын жазалы болудан жасқанбай жүзеге асыруға лайықты екеніне сенімдіміз. Біз Ресей үкіметін ой-пікір, бейбіт жиындар мен бірлестіктер еркіндігін құрметтеп, заңның жоғары тұратынын мойындап, өз халықаралық міндеттемелерін орындауға шақырамыз» делінген Ресейдегі АҚШ елшілігінің мәлімдемесінде.

Бұған дейін, жұма күні Ресей бас прокуратурасы «Экономикалық және құқықтық даму жөніндегі америка-ресей қорын» (USRF) «жағымсыз ұйымға» жатқызғаны туралы хабарланған.

Ресей «жағымсыз» деп тапқан халықаралық және шетелдік үкіметтік емес ұйымдар қатарында «Демократияны қолдау ұлттық қоры», «Ашық қоғам» қоры бар. Ресей заңдарында «жағымсыз» деп танылған ұйымдармен ынтымақтастық орнатқандарды әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тарту қарастырылған.

XS
SM
MD
LG