Accessibility links

Ердоған: Түркия импорт кеміді деп құлап қалмайды


Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Анкара, 3 желтоқсан 2015 жыл.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған. Анкара, 3 желтоқсан 2015 жыл.

Су-24 ұшағын атып түсірген соң Түркия мен Ресей арасында өрбіген жанжал бірлескен энергетикалық жобаларға әсер етпейді деп мәлімдеді сенбі күні Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған.

«Ресеймен арадағы проблема табиғи газ сату және атом электр станциясы құрылысы сияқты жобаларға ықпал ететіндей әзірше ештеңе байқалған жоқ» деген кәсіпкерлер алдында сөйлеген Ердоған.

Ол Мәскеу бұған дейін жоспарланған «Түрік ағыны» жобасына қатысты Анкарамен келіссөздерді тоқтатқаны туралы айтып жүрген Ресей өкілдерінің сөздерін жоққа шығарған.

«Ресей «Түрік ағынын» тоқтатқан деген баспасөздегі қате хабарларға сенбеңіздер. Барлығы керісінше. Біз бұл жобаны кейінге қалдырдық, өйткені, біздің талаптарымыз орындалған жоқ» деген ол.

Импорт көлемі бір миллиард [долларға] кемігеннен Түркия құлап қалмайды деп мәлімдеген ел президенті. «Біз басқа есіктерді ашып өзге көздерді табамыз. Егер Ресей сататын газ көлемін қысқартатын болса, Түркия Қатар мен Әзербайжаннан қосымша табиғи газ сатып алуға ниетті» деген Ердоған.

Бұған дейін Ресей Түркияға қарсы сауда санкцияларын енгізіп, бірқатар инвестициялық жобаларды доғарып, Түркиядан келетін азық-түлік импортын шектеген болатын. Осы кезге шейін Түркиядан жылына шамамен бір миллиард доллардың азық-түлігін сатып алып келген Ресей бұл елге негізінен газ, көмір және мұнай сататын. Сонымен бірге, Ресей Түркияда жобалық құны 20 миллиард доллар тұратын алғашқы атом электр станциясы құрылысын салмақ болған.

24 қарашада түркиялық әскери-әуе күштері Сириямен шекарада ресейлік бомбалаушы Су-24 ұшағын атып түсіргеннен соң екі елдің қатынасы нашарлап кетті. Анкара мен оның батыстық одақтастары Ресей ұшағы «Түркия әуе кеңістігін бұзып, ескертулерді елемеді» дейді. Бірақ Ресей ұшақтың «Сирия әуе кеңістігінен шықпағанын» айтады.

XS
SM
MD
LG