Accessibility links

Ахметов ісінде кейбір сотталушылар "кінәсін мойындады"


Экс-премьер Серік Ахметовтің соты. Қарағанда, 25 қараша 2015 жыл.

Экс-премьер Серік Ахметовтің соты. Қарағанда, 25 қараша 2015 жыл.

Экс-премьер Серік Ахметовтің ісі бойынша сотқа тартылып жатқан сотталушылардың кейбірі Қарағандыда өтіп жатқан сот отырысында бүгін "істеген қылмыстарына өкінетінін" мәлімдеді. Сотталушылардың кейбірі соттан өздерін қатаң жазаламауды немесе қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады.

Сотталушы, Eco Treatment System компаниясының директоры Думан Нұрбаев өзіне тағылған "канализация және тазалау жүйесі құрылысын жүргізуде бюджет қаржысын банктен алып, оны Ахметовтің адамдарына берді деген" айыпты толық мойындайтынын айтты. Ол бұл істі "жастықпен, материалдық және психологиялық тәуелділіктен" жасағанын айтты. Нұрбаевтың адвокаты бүгін соттың жарыссөзінде Нұрбаев "тергеумен белсенді жұмыс істесіп, істің ашылуына ықпал еткенін" айтты. Адвокат Нұрбаев пен оның отбасының атынан мемлекеттік айыпталушыға рахмет айтты. Нұрбаев өзін қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды сұрайды.

Бұл істе бірнеше эпизод бойынша айып тағылған Қарағанды әкімдігінің коммуналды шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы басқармасының бұрынғы басшысы Мәрлен Шалтақов та "кінәсіне өкінетінін" мәлімдеді. Шалтақов өзіне жазаны айыппұл ретінде тағайындауды сұрады. Ол өзін "екі жер учаскесін иеленуге жәрдемдескені" үшін айыптымын деп мойындады. Тергеушілер екі жер учаскесін заңсыз бөлінген деп санайды.

Серік Ахметов пен Қарағанды облысы мен қаласындағы бұрынғы шенеуніктердің ісіне қатысты сот процесі тамыз айында басталған. Сотта барлығы 21 адамға «қызмет бабын теріс мақсатта пайдаланған, «бюджет қаржысын жымқырған» және «заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқан» деген айыптар тағылып отыр. Бұларға қоса, Серік Ахметов «аса ірі көлемде пара алған» деген күдікке ілінген. Сот тыңдауы барысында сотталушылардың кейбіреулері тергеу кезінде өздеріне қысым жасалғаны туралы мәлімдеп, кейбірі бұған дейінгі берген куәліктерінен бас тартқан.

XS
SM
MD
LG