Accessibility links

«Қазақстан-Қытай» құбырының «С» желісі қосылды


Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев. Астана, 7 желтоқсан 2015 жыл.

Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев. Астана, 7 желтоқсан 2015 жыл.

Алматы облысының Жамбыл ауданында «Қазақстан-Қытай» газ құбырының үшінші «С» желісі және екі компрессорлық станция іске қосылды. Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің Орталық коммуникация қызметінде хабарлауынша, станция іске қосылып, газ айдау жұмыстары басталған. Оның сөзінше, 2017 жылы 6 компрессорлық станцияның құрылысы бітіп, пайдалануға берілген соң «С» желісінің жылдық тасымалдау қуаты 25 миллиард текше метрді құрамақ. Ал осының әсерінен «Қазақстан-Қытай» газ құбырының қуаттылығы жылына 30-дан 55 миллиард текше метрге дейін артпақ.

Вице-министр бұған қоса «Бейнеу-Бозай-Шымкент» газ құбырының жобасы бойынша «Бейнеу-Бозай» бөлігінің құрылысы аяқталғанын хабарлады. Бұл құбырдың «Бозой-Шымкент» бөлігі 2013 жылы іске қосылған. «Бейнеу-Бозай-Шымкент» жобасы 2017 жылы толық аяқталған соң бұл құбыр арқылы жылына 10 миллиард текше метрден астам газ тасымалданбақ.

Қазақстанда 16 аумақтың (Астана мен Алматы қалаларын қосқанда) 9-ы табиғи газға қосылып, жеті миллион тұрғын газбен қамтылған. Газсыз отырған қаланың бірі – Астана қаласы. Мағзұм Мырзағалиев "Астанаға қашан газ келетінін қазір нақты айта алмаймын» деді.

XS
SM
MD
LG