Accessibility links

Алматыда борышкерлер тағы наразылық танытты


Ұлттық банк ғимараты алдында наразылық танытып тұрған борышкерлер. Алматы, 8 желтоқсан 2015 жыл.
Ұлттық банк ғимараты алдында наразылық танытып тұрған борышкерлер. Алматы, 8 желтоқсан 2015 жыл.

Алматыда бүгін Ұлттық банк ғимараты алдында ипотекалық несиемен үй алдық деген 30 шақты борышкер наразылық жиынын өткізді.

Бірнеше облыстан келген борышкерлердің айтуынша, олар екі аптадай уақыт бұрын ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев, қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтың атына хат жазған. Борышкер Фатима Нұрпейісованың Азаттыққа айтуынша, олар хатта үкіметтің проблемалық несиелерді қайта қаржыландыру бағдарламасы толық аяқталмайынша борышкерлерді үйлерінен шығармауды тоқтата тұруын сұраған. Борышкерлер бүгін сол хаттарына жауап алу мақсатымен жиналған.

Ұлттық банк басшылығы борышкерлерге автобус жіберіп, борышкерлерді банктің Панфилов пен Бөгенбай батыр көшесінің қиылысындағы банктің тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне сөйлесуге әкетпек болған. Бірақ борышкерлер банк басшылығының өзінен тікелей жауап алмайынша ешқайда кетпейтінін айтып, одан бас тартты.

Борышкерлерді сөйлесуге әкетпек болған ұлттық банктің тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасарлары Ләззат Ермекбайқызы мен Мақсат Кенебаев Азаттыққа борышкерлер мәселесіне қатысты жазбаша сауал жолдауды сұрап, ауызша түсінік беруден бас тартты.

Борышкерлер бұған дейін де несиені қайта қаржыландыру бағдарламасы аяқталмайынша өздерін үйлерінен шығаруды тоқтатуды талап етіп ұлттық банк алдында наразылық танытқан.

Биыл ақпанда президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық банкке үкіметпен бірлесіп ипотекалық тұрғын үй бойынша қарызын өтей алмай жүргендердің мәселесін шешуді тапсырған. Бұдан соң ұлттық банк проблемалық ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру үшін 130 миллиард теңге қаржы бөлген. Ол қаржының жартысына жуығы екінші деңгейлі банктерге аударылған. Қарашаның басында ұлттық банк 3 мың 500 проблемалық ипотекалық несие қайта қаржыландырылғанын хабарлаған. 1 қарашаға дейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасына қатысуға 11 мың өтініш түскен. Оның 6 мыңы бойынша несиені қайта қаржыландыру туралы оң шешім шыққан.

XS
SM
MD
LG