Accessibility links

Сот Козловты мерзімінен бұрын шартты түрде босатпады


Владимир Козлов құқыққорғаушылармен кездесіп отыр. Заречный түрмесі, Алматы облысы. 21 шілде 2015 жыл.

Владимир Козлов құқыққорғаушылармен кездесіп отыр. Заречный түрмесі, Алматы облысы. 21 шілде 2015 жыл.

Қапшағай қалалық соты Алматы облысындағы Заречный кентінде орналасқан жалпы режимде өткізген көшпелі сот отырысында оппозицияшыл саясаткер Владимир Козловты мерзімінен бұрын шартты босатудан бас тартты. Сот Козлов пен оның адвокаты Айман Омарованың Козловты түрмеден мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы шағымын қанағаттандырудан бас тартты. Козловта "өтеліп бітпеген жазасы барын" айтқан түрме басшысы, полковник Әбілғазы Идилов пен прокурор шағымға қарсылық білдірді.

Сот процесі жабық болмаса да судья Мэльс Ыдырысов сотқа журналистердің қатысуына тыйым салды. 4 желтоқсанда өткен сотта Айман Омарова сотты ашық өткізуді және оған журналистерді қатыстыруды сұрап өтініш берген. Бірақ судья оны қабылдамай тастаған.

Владимир Козлов адвокатына бүгінгі сот шешіміне апелляциялық шағым беретінін айтты.

Козлов бүгін сотта түрме бастығы Әбілғазы Идилов өзіне шағымы қаралатын кезде жазаға тартып, жазасын жеңілдету мүмкіндігінен айыру арқылы қысым жасап жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы оның адвокаты Омарова да айтты. Олар түрме басшысының бұл ісін заңсыз деп санайды.

Қазақстанда ресми тіркелмеген «Алға» оппозициялық партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы кезінде «әлеуметтік алауыздық туғызған» деген айыппен сотқа тартылып, 2012 жылы жеті жарым жылға бас бостандығынан айырылған. Қазақстандық кейбір құқық қорғау ұйымдары оны «саяси тұтқын» деп таныған.

Владимир Козлов қазір жазасын Алматы облысының Заречный кентіндегі ЛА155/14 түзеу мекемесінде өтеп жатыр. Қазір ол жазасының жартысынан астам мерзімін өтеп қойған.

XS
SM
MD
LG