Accessibility links

Серік Ахметовтің адвокаттары сотта сөйлеп жатыр


Экс-премьер Серік Ахметовтің адвокаты Николай Лесник сотта сөйлеп тұр. Қарағанды, 9 желтоқсан 2015 жыл.
Экс-премьер Серік Ахметовтің адвокаты Николай Лесник сотта сөйлеп тұр. Қарағанды, 9 желтоқсан 2015 жыл.

Коррупциялық қылмысқа қатысты айып тағылған экс-премьер Серік Ахметовтің сот процесінде бүгін жарыссөзде оның адвокаттары сөйлеп жатыр. Қарағандыда өтіп жатқан бұрынғы жоғары шенді шенеуніктер сотында бұған дейін Ахметовтен басқа барлық айыпталушылар мен олардың адвокаттары сөйлеген.

Ахметовтің адвокаттары жарыссөзді тергеушілер Ахметов пен оның отбасына тиесілі деп тапқан «СтальЦинк» компаниясымен байланысты эпизодтан бастаған. Бұл эпизод бойынша Ахметовке ол Қарағанды облысының әкімі болып тұрғанда «пайда табу мақсатында осы «СтальЦинк» компаниясымен және онымен байланысты бірнеше компаниямен жарық бағаналарын орнату туралы келісім жасауға тапсырма берген» деген айып тағылған. Тергеу деректері бойынша, «Серік Ахметов «СтальЦинк» мүддесін қорғап, қызмет пен материал бағасын асыра көрсету арқылы мемлекетке миллиондаған теңге залал келтірген».

– Жарық бағаналарын орнату туралы келісім жасасуға Ахметовтің қатысы жоқ. Айыптау ұйғарымына дәлел жоқ. Тергеушілердің заттай айғақ ретінде ұсынған кейбір құжаттарының растығына күмән бар. Кейбір құжаттар заңсыз жолмен алынған. Ахметов өз факсимилесін әлдебіреу қолданған болуы мүмкін деп күдіктенеді, себебі көптеген құжаттарға оның қолы қойылмаған, - деді адвокат Николай Лесник.

Серік Ахметовтің адвокаттары шағымынан бұл коррупциялық іс басталған куәгер Әбдіровтің жауаптарына сыни көзбен қарауды, сонымен бірге барлық құжаттарды «рұқсат етілмеген айғақтар» деп тануды сұрайды.

Қылмыстық істе бірнеше эпизод бойынша айып тағылған Серік Ахметовтің адвокаттары сотта кешке дейін сөйлеуі мүмкін.

Барлығы 21 адамға айып тағылған қылмыстық іс бойынша биыл тамыз айында басталған сот аяқталуға жақын қалды. Айыпталушылардың алтауы қамауда отыр. Айыптаушы тарап Серік Ахметовті 12 жылға соттауды сұрап отыр.

XS
SM
MD
LG