Accessibility links

Тәжік парламенті "ұлт көшбасшысы" жайлы заңды мақұлдады


Тәжікстан парламенті депутаттары. (Көрнекі сурет.)

Тәжікстан парламенті депутаттары. (Көрнекі сурет.)

Тәжікстан парламентінің төменгі палатасы – Маджлис намояндагон депутаттары бүгінгі отырыста «бейбітшілік пен ұлт бірлігінің негізін салушы, ұлт көшбасшысы» туралы заң жобасын мақұлдады деп хабарлады Азаттықтың Тәжік редакциясы.

Маджлис намояндагон спикері Шукурджон Зухуров бұл «тарихи» заң жобасы елдегі демократиялық процестерге «қайшы келмейді» деп мәлімдеген. Оның сөзіне қарағанда, әлемде АҚШ-тан бастап Үндістан, Пәкістан және Қазақстанда мемлекет басшысын «ұлт көшбасшысы» деп тану тәжірибесі бар.

«Тұлғаны «ұлт көшбасшысы» деп тану демократия мен еркіндікке нұқсан келтірмейді» деген Зухуров.

Маджлис намояндагонның мемлекеттік құрылым және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің төрағасы Абдурахим Холикзоданың айтуынша, бұл заң «халықты біріктіріп, Эмомали Рахмонның сіңірген еңбегін мойындау» үшін қабылданған.

16 баптан тұратын заң жобасында «бейбітшілік пен ұлт бірлігінің негізін қалаушы», «ұлт көшбасшысы» ұғымдарына түсінік беріліп, «ұлт көшбасшысының» құзыреті, оның жеке басына қол сұғылмау құқығы, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен әлеуметтік кепілдік беру, орден мен мемлекеттік сыйлық тағайындау ережелері бекітілген.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонға «ұлт көшбасшысы» атағын беру ұсыныс биыл көктемде көтеріліп, қараша айында парламентке тиісті заң жобасы түскен.

XS
SM
MD
LG