Accessibility links

Мәмбеталин мен Нарымбаев ісі бойынша өтініш қабылданбады


"Алауыздық тудырды" деп айыпталған азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин (оң жақта) мен Ермек Нарымбаев сотта тұр. Алматы, 10 желтоқсан 2015 жыл.
"Алауыздық тудырды" деп айыпталған азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин (оң жақта) мен Ермек Нарымбаев сотта тұр. Алматы, 10 желтоқсан 2015 жыл.

Алматының Алмалы аудандық соты бүгін азаматтық белсенділер Серікжан Мәмбеталин мен Ермек Нарымбаевтың адвокаттары 9 желтоқсанда берген өтініштерді қабылдамай тастады.

Азаттық тілшісінің сот залынан хабарлауынша, судья Марал Жарылғасова сотталушылардың туыстарын олардың қоғамдық қорғаушысы ретінде сотқа қатыстыру туралы өтінішті ғана қанағаттандырған. Судьяның ұйғарымы бойынша, Мәмбеталиннің қоғамдық қорғаушысы ретінде белсендінің анасы Анастасия Мәмбеталина, Ермек Нарымбаевың қоғамдық қорғаушысы оның ағасы Арман Нарымбаев сотқа қатысуға рұқсат алды.

Ал кешегі сотта адвокаттардың белсенділерді бұлтартпау шарасын өзгерту, сот процесін тоқтатып, белсенділер айыпталатын қылмыстық кодекстің «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру» атты 174-бабының конституцияға сәйкестігін тексеру үшін конституциялық кеңеске жүгіну туралы берген өтініштері қанағаттандырылмады.

Ермек Нарымбаев бүгінгі сотта судья Марал Жарылғасоваға «масқараға қалмас үшін» өз жұмысынан бас тартуды ұсынды. Бұл ұсынысты судья жауапсыз қалдырды.

Келесі сот отырысы 18 желтоқсанға белгіленді.

Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбетәлин «авторы Қазақстан мұсылмандары одағы жетекшісі Мұрат Телібеков» деп болжанған кітаптың үзінділерін Facebook әлеуметтік желісінде жариялағаны үшін қылмыстық жауапқа тартылған. Мәмбетәлин мен Нарымбаевты биыл қазанда пәтерлерінде тінту жүргізіп, компьютерлері мен ұялы телефондарын тәркілегеннен кейін тұтқындаған. Белсенділер тағылған айыптарды мойындамайды.

XS
SM
MD
LG