Accessibility links

Мемлекеттік қызмет істері министрлігі құрылды


Қазақстан президенті резиденциясы - Ақорда. (Көрнекі сурет.)
Қазақстан президенті резиденциясы - Ақорда. (Көрнекі сурет.)

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен мемлекеттік қызмет істері министрлігі құрылды деп хабарлайды Ақорда сайты. Жаңадан пайда болған министрлікке президент жарлығымен таратылған Қазақстанның мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мүлкі мен басқару функциялары және өкілеттіктері берілді.

«Министрлік үшін Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызметтің жаңа моделін іске асыру және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу басым міндеттер етіп айқындалсын» делінген жарлық мәтінінде.

Сонымен бірге, жаңа министрліктің құрылымында құрылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы төрағасын қызметке Қазақстан президенті тағайындап, жұмыстан босатады деп белгіленді.

Назарбаевтың өкімімен Талғат Донақов мемлекеттік қызмет істері министрі болып, Қайрат Қожамжаров – мемлекеттік қызмет істері министрлігінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының төрағасы болып тағайындалды.

Донақов бұған дейін президент әкімшілігі басшысының орынбасары, Қожамжаров – мемлекеттік қызмет істері және коррупцияға қарсы күрес агенттігінің төрағасы болып істеген.

XS
SM
MD
LG